ШЫҰ саммиті басталды
Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды.
Ұйымға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы барысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданады. Сондай-ақ, айтулы жиын алғаш рет кеңейтілген форматта өтіп жатыр. Оған халықаралық ұйымдардың төрағалары мен бақылаушы мемлекеттердің көшбасшылары қатысуда.
Тілшіміз Қуандық Танабас қазір тікелей эфирге шығуға дайын. Қуандық, біздің елдің төрағалығымен өтіп жатқан маңызды жиында қандай маңызды мәлімдемелер жасалып жатыр?
Қуандық Танабас, тілші:
-Иә, жаһандық бастамалардың ұйытқысы болған Астана Саммиті өз бастауын алды.
Жер шары халқының тең жартысын қамтып отырған ұйымға бүгінгі таңда Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдері мүше. Бүгінгі Астана саммитінде осы елдердің қатарын Беларусь республикасы толықтырып, ұйымның тең құқылы мүшесі атануы мүмкін.
Осылайша Ұйым мүшелерінің саны 10 жетіп, кезекті тарихи белесті бағындырмақ. Бұл әлбетте Астана саммитінің басты оқиғаларының бірі атанады.
Жалпы, Астана саммитіне егжей-тегжейлі тоқталмас бұрын, әуелі бұл ұйымға еліміздің төрағалық еткен кезеңіне шолу жасап өткеніміз жөн болар.
Еліміз ұйымға төрағалықты былтырғы шілде айында қабылдаған еді. Президент Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан ұйымды тізгіндеген тұста қандай бағыттарға басымдық беретінін жариялап, еліміз «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік» бастамасын ұсынатынын айтты. Бұл өз кезегінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен қамтамасыз етудегі рөлі мен орнын нығайта түсері анық. Оның үстіне бұл тақырып Қазақстанның әлемдік аренадағы бұған дейінгі бастамаларымен үндесетіні рас. Жалпы, сарапшылардың пайымынша бұл құжаттың тағы бір түпкі мақсаты – Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси текетіресті болдырмай, керісінше тепе-теңдікті сақтау.
Әлбетте Қазақстанның мұндай бастамасы – ұйымның басқа да мүшелері тарапынан қолдау тапты. Және Қазақстан төрағалықты абыроймен атқарды. Осы аралықта еліміз 100-ден аса түрлі іс-шаралар мен кездесулер, форумдар өткізді. Оның аясында аса 30-дан әртүрлі саланы қамтыған маңызды құжаттарға қол қойылды.
Ал бүгінгі саммит Қазақстанның осы бір ұйымға төрағалығын қорытындылайтын, жаңа бағыт-бағдарлар түзілетін жиын болмақ. Ұйымғм мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында Астана декларациясы, 20 шешім қабылданып, мемлекет басшыларының 3 мәлімдесемі жасалынады. Сондай-ақ, мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік проблемаларды қабылдауға ықпал ететін көптеген мәселелерді қарастырады.