Қарин: ШЫҰ саммиті ел абыройын арттыра түсті
Астанада өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті Қазақстанның әлемдегі абыройын одан әрі арттыра түсті. «24.kz» арнасына сұхбат берген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оған шет елдерден келген қонақ оң баға бергенін айтты. Сөзінше, жалпы соңғы уақытта көптеген шетелдік сарапшы, байқаушы мен саясаткер Қазақстанның халықаралық аренадағы іс-қимылына, қандай да бір бастамалары мен ұстанымына құрметпен қарайды. Ал жыл басында Германияның сыртқы саясат қоры елімізді алғаш рет орта державалар тізіміне енгізді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитін абыроймен өткізу сыртқы саясатта Қазақстанды жаңа деңгейге көтерді. Ал Президенттің әділ әлемге ұмтылыс туралы айтқан бастамасы саммитке қатысушылар мен халықаралық сарапшылар арасында кеңінен қолдау тауып, саяси лексикаға «Әділ әлем» деген сөз тіркесі енді.