Олжас Бектенов: Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет
Тасқыннан зардап шеккен азаматтарды тезірек баспанамен қамтамасыз ету керек. Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқынынан кейін қираған үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Қазір тасқын салдарынан тұруға жарамсыз болған барлық үй күреліп, құрылыс және баспана сатып алу жүріп жатыр. Көктемгі су апаты кезінде елде 19 мың 342 баспана бүлінген, оның 8 мың 578-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда 2 мың 578 үй салынып жатыр, 6 мың баспана сатып алынады. Үкімет басшысы облыс әкімдерінің үйдің сапасына тікелей жауапты болатынын ескертті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет. Құрылыс материалдарын жеткізуге, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы жұмылдыруға байланысты барлық мәселені жылдам шешу керек. Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблемалар туралы дереу орталыққа хабарлаңыздар. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз.
Жергілікті атқарушы билік өклідері қазір құрылысты жеделдету үшін барлық шара қабылданғанын айтып отыр. Әкімдіктерге қаржы бөлінді. Дегенмен жоспардан 15-20 күн кешігіп жатқан өңірлер де бар. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны баяу. Бұдан бөлек Үкімет резервінен жергілікті жолдарды жөндеуге 22,7 млрд, ал зардап шеккен өңірлердегі мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бөлінген. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтіріледі.