Елімізде егістікке су жеткізетін 4,6 мың шақырымнан астам желі жаңғыртылып жатыр. Жыл соңына дейін оның 964 шақырымындағы жұмысты аяқтау жоспарланған. Қазірдің өзінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 200 мың гектарға жуық суармалы алқапқа су жеткізу жақсарған.
Бұл туралы Құрылтайдағы комитет отырысында айтылды. Президент Жолдауында айтылған суды үнемдеу, су нысандарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмалары талқыланды. Осы мақсатта халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен су нысандарын салу және жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр. Оған Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі, Ислам Даму банкі мен Дүниежүзілік банк қатысуда. Жиында ауыл шаруашылығына қатысты міндеттер де қаралды.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату аясында заманауи сүт-тауарлы фермалардың құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін пайдалануға берілген фермалардың жобалық қуатының кемінде 70 пайызына қол жеткізу, ал келесі жылы оларды толық қуатына шығару көзделіп отыр. Сонымен қатар келесі жылға жалпы өндірістік қуаты 228 мың тоннаны құрайтын 21 сүт-тауарлы ферма жобасының пулы қалыптастырылды.