Президенттің «Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында» мақаласы жарияланды
Алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең. Тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты. Елордада 9 тамыз күні Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуі және «Орталық Азия мен Жапония» диалогының бірінші саммиті өтеді. Осыған байланысты «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азияның ренессансы: тұрақты даму мен өркендеу жолында» атты көлемді мақаласы жарияланды. Онда Орталық Азияның әлемдік аренада саяси салмағы арта түскені айтылған. «Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен одақтастық қатынас орнатып, Түрікменстанмен стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Халықтарымыздың өзара жақын болуға ұмтылысы барлық деңгейдегі байланыстың күшеюінен де көрініс табады»,—деп санайды Мемлекет басшысы.
Бауыржан Әукен, ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:
-Мемлекет басшысының мақаласының маңызы өте зор деп санаймын. Бұл мақала Қазақстан ол жалпы халқына ғана емес, бұл аймақ елдерінің халқына да бір ой беретін, достастыққа, серіктестікке септігін тигізеді деп ойлаймын.
Қорлан Жүсіпбаева, Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы:
-Біз тек қана бір-бірімізбен көрші тұрмаймыз, біз бір-бірімізбен одақ құруға, серіктестік құруға мүдделіміз және соған бір қадамдар жасалып жатыр. Өйткені біз Орталық Азия мемлекеттері ретінде изоляцияда бұл мәселелерді шеше алмаймыз: Су мәселесі болсын, энергетика мәселесі болсын.