Қазақстанның Ливандағы елшілігі ел азаматтарына үндеу жолдады
Қазақстанның Ливандағы елшілігі үндеу жолдады. Ол Бейруттегі елшілігіміз елдің оңтүстігі мен Бекаа алқабында тұрып жатқан отандастарымызға орталық пен солтүстік аудандарға көшуге немесе Ливаннан кетуге нұсқау берді. Себебі Таяу Шығыстағы ахуал ушығып барады.
Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде құрылық қимылын бастады. Ливанның үкіметтік әскері шекарадан 5 шақырымға шегінді. Әдетте ол Израиль мен Хезболла жасақтары арасындағы қақтығысқа араласпайды. Орнын «Хезболла» сарбаздары алмастырған. Жаяу әскерге қолдау беріп тұрған әуе күштері бірнеше елді мекенді бомбалады.
Салдарынан бір тәулікте 95 адам қаза тауып, 172 тұрғын жараланған. Халықаралық ұйымдар мен көптеген елдің басшылары Израильді әскери қимылды доғаруға шақырды.
Дэвид Лэмми, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:
- Үлкен жетілікке мүше елдердің өкілдері және Қауіпсіздік Кеңесі бірге бас қосып, атысты дереу тоқтатуға шақырдық. 21 күнге жалғасатын бітім кезінде саяси шешімге жете аламыз. Израильдің солтүстігі мен Ливанның оңтүстігінде тұратын адамдар үйлеріне оралып, екі ел бейбіт тұру керек.
Осы жанжалға Иран араласып, арты үлкен соғысқа ұласуы мүмкін деген қауіп бар. Мұндай жағдайда, бүкіл аймақ отқа оранып, бүкіл әлемге әсері тиюі мүмкін. Мұнай бағасы шарықтап, пандемиядан кейін жаңа ғана тік тұра бастаған ғаламдық экономикада ауыр дағдарыс басталады. Алайда сарапшылардың пікірінше, Тегеран ахуалды асқындыруға бармайды.
Талғат Қалиев, этнозерттеулер инститының директоры:
- Бүгінге дейін Израиль шабуылдарынан Ливанда мыңнан аса адам көз жұмды. Соның 104-і бала болса, 200-ге жуығы әйел. БҰҰ дерегі бойынша Ливанда миллионнан астам адам үйлерін тастап, босып кетті. Олар оңтүстік өңірлерден басқа аудандарына қоныс аударған. Мыңдаған адам көрші елдерге қашып жатыр.
Бекболат Тұрмаханов