Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс берді
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесіне барып, АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс берді.
Мемлекет басшысы өз таңдауын жасағаннан кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Президент, ең алдымен, референдум туралы пікір білдіріп, одан қандай нәтиже күтетінін айтты.
– Бүгін – тарихи күн. Халқымыз АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беріп жатыр. Референдум – тікелей демократияның өте тиімді тетігі. Халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкі байламы да солай болады. Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл – тағдыршешті оқиға. Сондықтан мен референдумды қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан кейін Президент «Референдум қорытындысы бойынша халқымыз АЭС салуды қолдаса, оның құрылысын қай ел жүргізеді?» деген сұраққа жауап берді.
– Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Журналистер Президенттен биыл көктемдегі алапат су тасқынынан кейін қандай қорытынды жасалғанын сұрады.
– Тиісті қорытынды жасалды. Бірақ мұндай табиғат апаты бүкіл жер шарында орын алып жатқанына баса мән беруіміз керек. Жақында ғана Орталық Еуропада алапат тасқын өтті. Оның алдында АҚШ пен Вьетнамда дауыл болды. Сондықтан мұндай апаттарды алдын ала болжау қиын. Дегенмен ондай жағдайға дайын болып, қажетті шаралар қабылдау маңызды. Қазақстан ешкімнің көмегінсіз тасқынның салдарын еңсере алды. Мұны ашық айту керек. Біз адам және қаржы ресурстарын осы іске жұмылдырдық. Үкімет пен әкімдер белсенді жұмыс істеді. Оның нәтижесін көріп отырсыздар. Алапат тасқын кезінде зардап шеккен азаматтар жаңа баспанамен қамтылды. Мен бұған дейін ешкім назардан тыс қалмайды деп уәде бердім. Жалпы алғанда, біз бұл мақсатты орындадық,– деді Мемлекет басшысы.
БАҚ өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаевтан халықаралық додаларда жеңіске жеткен жастарды үнемі қолдап жүретінін атап өтіп, оның мәнін сұрады.
– Мәні терең. Себебі мен жастарды қолдаймын. Мұны үнемі айтып келемін. Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Ол жәй ұран емес. Бұл – біздің басты саясатымыз. Сондықтан келешекте де біз жастарды қолдаймыз. Оларға жәрдем береміз. Әсіресе, дарынды жастарды қолдауымыз керек. Кеше ғана мұғалімдерге, ұстаздарға марапат табыстадым. Өз сөзімде мұғалімдер бұл қоғамымыздың озық тұлғалары екенін айттым. Олар дарынды жастарға білім беріп жатыр. Сондықтан жастарды да, оларды оқытып жатқан мұғалімдерді де мемлекет қолдайды. Сонымен қатар мен кеше ғана ұстаздар қоғамымыздың басты кейіпкері болуы керек екенін айттым. Сондықтан оларға жәрдем беріп, ұстаздардың беделін, қоғамдағы мәртебесін көтереміз, – деді Президент.
Сонымен қатар брифинг барысында «Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұрақ қойылды.
– Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.