Астанадағы «Ақ шаңырақ» тұрғын үй кешенінің тұрғындары заңсыз құрылысқа жол бермеді
Олар 2021 жылы есік алдындағы аядай ғана жерге 14 қабатты үй салмақ болған кәсіпкермен бірнеше жыл күресіп, әділдік орнатты. Енді ол жерде балалар ойын алаңқайы бар шағын саябақ бой көтерді.
Тұрғындардың табанды күресі болмаса, кәсіпкер дәл осы алақандай жерге алатаудай үй салмақшы болған. Алайда оған халық жол бермеді. Тұрғындар 3 жыл бойы күресті. Ақырында жеңді. Сөйтіп халық үшін жайлы орын пайда болды.
Астаналық Әлімжан Жұбатқанов көпқабатты үй ауласына құрылыс салмақ болған кәсіпкермен үш жыл текетірескен. «Алақандай жерге зәулім үй салынса, тұрғындар қайтіп тыныстайды?», «Балалар қайда ойнайды?» деген заңды сұрақпен талай табалдырықты тоздырған.
Әлімжан Жұбатқанов, қала тұрғыны:
-Тұрғындар сенбей, бұл біреудің жеке жері, мүмкін емес деп көбісі осы үйден көшіп те кетті шыны керек. Соған қарамастан халықты сендіріп, бірге жұмыс жасап, сот процестеріне қатыстық. Әрбір тұрғын осындай мақсатқа жетемін десе, күресіп, жұмыс жасаса кез келген қамалды алуға болады.
Ақыры тұрғындар дегеніне жетті. Сот шешімімен қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіліп, бұл жерден үй салу заңсыз деп танылған. Ал көлемі 3 сотыққа да толмайтын жер телімін әкімдік кәсіпкерден 150 млн теңгеге сатып алып, саябақ салу туралы шешім шығарған.
Ернұр Сәбікенұлы, қала тұрғыны:
- Астанада Әлімжандай заңгер, жанашыр әр үйге керек. Өйткені кейде заңсыз салып жіберетін кездер болады. Мына жерге 14 этажды үй салынатын болса, баратын жер қалмайтын еді.
Владислав Сергеев, қалалық мәслихаттың депутаты:
-Менің өзім қалада осындай 10 шақты жағдайға куә болдым. Олардың бірін тұрғындар көтерсе, кейбіріне депутаттар бастамашы болды. Ал жалпы қала бойынша осындай мысалдар жетерлік. Бастысы халықтың шаһар өмірін жақсартуға атсалысып жатқаны қуантады.
Жеңіске жеткен тұрғындар аулада дастарқан жайып, ас берді. Ата-аналары ағаш отырғызған жаңа саябақта енді балалар да армансыз асыр салып ойнап жүр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин