Ерлан Қошанов Түркия халқын Ұлттық күнімен құттықтады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның Ұлттық күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, бауырлас түрік халқын Анадолы елінің құрылғанына 101 жыл толуымен құттықтады. Биыл екі ел арасында Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 30 жыл. Мәжіліс спикері стратегиялық серіктестіктің ерекше қарқын алуында қазақ-түрік Парламентаралық ынтымақтастығының еңбегі мол екеніне назар аударды. Оған биыл мамыр айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың Қазақстанға ресми сапары серпін берген.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Биыл Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанымызға 30 жыл толып отыр. Екіжақты қарым-қатынас бабаларымыз салып кеткен сара жол жыл өткен сайын жанданып, ынтымағымыз өркендеп келеді. Қазір Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық кеңейтілген стратегиялық әріптестікке ұласты. Оған біздің елдеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайып Ердоғанның арасындағы мызғымас достық берік негіз болуда және қазақ-түрік қатынасын көтеруге зор серпін беруде.