Мәжіліс спикері Қырғызстан Парламентінің төрағасымен кездесті
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қырғызстанға ресми сапармен барып, Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевпен кездесті.
Мәжіліс төрағасы екі мемлекет басшылары арасындағы келісімдерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету – Қазақстан мен Қырғызстан Парламентінің басты міндеті екенін айтты. Кездесу соңында Мәжіліс спикері Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевке екіжақты қарым-қатынасты нығайту мен амытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Достық» орденін табыстады.
Сонымен қатар төменгі палата спикері Парламентаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Онда депутаттар экономика, инвестиция, су энергетикасы, көлік, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты талқылады. Сапар аясында 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың зираты мен мұражай-үйіне барды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Мемлекеттеріміздің басшылары екіжақты ынтымақтастық басым бағыттарын айқындап, оларды одан әрі ілгерілету бойынша нақты міндеттерді қойды. Сондықтан жоғары деңгейдегі барлық уағдаластықтардың уақытылы орындалуы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің айрықша назарында болуы қажет деп біз ойлаймыз.