Хабар телеарнасы

Үкіметте жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары қаралды

Елде тозығы жеткен газ баллондарын пайдаланып жүргендер көп. Кейбірінің тіпті қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан. Күн суытқалы ескірген 8 баллон жарылып, оқыс оқиғалар жиілепті. Бүгін Үкімет отырысында жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамту жайы сөз болды.

Қыс түссе, үйіне от жағатын ағайынның алаңдайтыны - өрт қауіпсіздігі мәселесі. Бұл сұрақ жергілікті әкімдіктердің де күн тәртібінен түспейді. Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр жауапты министрлік пен облыс әкімдеріне өрт қауіпсіздігі мәселесін бақылауға алуды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында жаппай өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруы қажет. Бұған әкімдіктердің газ-техникалық инспекциясын тарту керек. Бірінші кезекте, әлеуметтік осал топқа жататын халықтың үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Улы газ датчиктерін тегін орнату қажет.

Әлеуметтік осал топқа жататын халықтың үйіне өрт шыққан жағдайда дабыл қағатын арнайы құрылғы орнату жұмысы 2021 жылы басталғанымен, баяу жүріп жатыр. Әсіресе Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының әкімдіктері салғырттық танытып, құрылғы орнатылуы керек үйлердің 2%-дан 14%-ына дейін ғана қамтыған. Ал бұл құрылғының апаттың алдын алған кезі аз емес.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

-2021 жылдан бері 107 мыңнан астам датчик орнатылды. Олар адамды улы газдан болатын қауіп туралы алдын ала ескерту мүмкіндігін береді. Өрт датчиктерінің іске қосылған 55 жағдайы тіркеліп, соның арқасында 248 адамның өмірі аман қалды.

Бұдан бөлек отырыста Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне газ баллондарының өндірісін жылдамдатуды тапсырды. Себебі қазір халықтың қолданысында жүрген 350 мыңға жуық газ баллонын жаңасына ауыстыру керек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Қазіргі уақытта газ жабдықтарын пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген. Алайда жұмыс тиісті деңгейде емес. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері арасында баллондардың сапасын бақылау, олардың жарамдылық мерзімін тексеру туралы түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше бір газ баллонын жасауға шамамен 34-38 мың теңге кетеді. Алайда ескі баллондарды жаңарту жұмысы халықтың қалтасына салмақ салмайды. Қажетті қаржыны «Жасыл даму» қоры бөлуі мүмкін.

Авторы: Досжан Ысқақ