Хабар телеарнасы

Елордада Таяу Шығыстағы жағдай талқыланды

Елордада Сириядағы жағдайды реттеуге арналған Астана процесінің 22-ші халықаралық кездесуі аяқталды. Оған әлем елдерінен 11 делегат қатысты. Жиында Сирияның айналасындағы өңірлік ахуал, сенім шаралары, оның ішінде тұтқындарды босату және жоғалғандарды іздеу, Сириядағы гуманитарлық жағдай және қақтығыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына жәрдемдесу және сириялық босқындардың отанына оралуына жағдай жасау мақсатында халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру секілді маңызды мәселелер талқыланды. «Айта кетейік, мұндай басқосулар Астанада 2017 жылдан бері өткізіліп келеді және ол өз нәтижесін берді»,– дейді қатысушылар.

Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

-Кезекті 22-ші халықаралық кездесу нәтижелі аяқталды. Соңғы екі күн ішінде келіссөздерге қатысушы тараптар Астана процесінің кезекті отырысы аясында Сириядағы жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызы әрі мазмұнды келіссөздер өткізді. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы өзінің мүмкіндіктеріне орай достас сирия халқын және сирияішілік реттеу процесін қолдауға күш-жігерін салып келеді.