Хабар телеарнасы

Сенат төрағасы палатаның бір жылдағы жұмысын қорытындылады

Бүгін Парламент Сенаты биылғы жұмысын қорытындылады. Жыл басынан бері 104 заң қабылданыпты. Оның сыртында Үкімет сағаты мен 150-ден астам дөңгелек үстел және көшпелі отырыс өткізілген. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданыпты.

Сенатта бұрынан қалыптасқан қағида бар. Ол – әр бейсенбі күні жалпы отырыс өткізу. Мұндай жиында кемі 2-3, кейде 7-8 сұрақ қаралып, заңдар мен келісімдер мақұлданады. Мәселен, бүгін мемлекеттік қызмет пен әкімшілік құқықбұзушылық туралы құжаттар қаралды. Ал жиын соңында жыл қорытындысы шығарылды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Жалпы жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталды. Сонымен қатар мемлекеттілігімізді нығайту, қоғамның осал топтарын қорғау, ел экономикасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды салалар қамтылды.

Бизнесті тексеру 2,5 есе қысқарады

Енді осылардың ең маңызды дегендеріне тоқталсақ. Ел экономикасының арқа сүйері – кәсіпкерлік. Жыл басында «Бизнесті жүргізу туралы» заң жобасы талқыланды. Қазір елімізде 2,5 миллионнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Жеке кәсіпкер саны жағынан көш басында Алматы, Астана қалалары мен Түркістан облысы тұр. Олдарды тексеру қысқаратын болды.

Елімізде 184 спорт түрі бюджеттен қаржыландырылады. Бұл тым көп. Салыстырмалы түрде Ресейде 31, Германияда – 15, Өзбекстанда 17 спорт түрін дамытуға көңіл бөлінеді. Біздің тізім он есе үлкен бола тұра халықаралық жарыстар мен Олимпиадалардағы нәтижеміз өте төмен. Депутаттар осы жайтты сынға алғаннан кейін тиімсіз спорт түрлерін қаржыландыру қысқартылатын болды. 

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары: 

- Жылына 30-40 спорт түрі қысқарып отырады. 26-27 жылға дейін олар жартылай қысқартылады. Қазір 180 болса, 27 жылға 60-70 спорт түрі қалайын деп тұр.

Сондай-ақ Сенат «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңды мақұлдады. Құжатта жақындарына күш көрсетушілерге берілетін жаза айтарлықтай қатаңдатылған. Яғни кінәлілер айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тартылумен шектелмейді. Бас бостандығынан да айырылады.

Айта кетейік, былтыр елімізде зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңға жуық шағым түскен. 64 әйел мен 7 бала отбасындағы ұрыс-керісте қаза тапқан.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Бұл заң қоғам көптен күткен, сұранысына сай халықтың игілігіне қызмет ететін заң болады. Ешқандай халықаралық ұйымдардың нұсқауымен жасалған жоқ.

Г.Шиповских: TikTok-ты бақылау керек

- Сенатор Геннадий Шиповских болса, TikTok әлеуметтік желісін реттеу керектігін айтып, мәселе көтерді. 

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- TikTok платформасы моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы қажет. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз.

Еліміздегі гидротехникалық нысандардың 60% тозған. Бұдан өзге ауылдарды сапалы интернетпен, халықты отандық азық-түлікпен қамту сынды мәселерге қозғау салынды.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші: 

- Сенаттың келесі жылғы жұмысы да қауырт болғалы тұр. Қаралатын маңызды құжаттар қатарында су, салық, құрылыс пен бюджет кодекстері бар. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтар жылына байланысты бірнеше парламенттік тыңдаулар өткізу жоспарлануда. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин