Қазақстанда үш атом электр станциясы салынуы мүмкін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда екінші, тіпті үшінші атом электростансасы салынуы мүмкін екенін айтты. «Биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін,-деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор.
Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан Консорциумда бас оператор болады. Президенттің сөзінше, Ресейдің «Росатом» компаниясы, Қытай және Батыс елдерінің корпорациялары еліміздегі АЭС құрылысына қызығушылық танытуда. Бұл орайда мамандар шешім көп күттірмейді. Жуырда Қазақстанда атом электр стансасын кім салатыны белгілі болады,-дейді.
Бекберген Керей, эколог:
- Бірінші - Корея республикасы. Екінші - бұл француздар. Үшінші - Қытай. Сосын әрине, бұл - Ресей Федерациясы. Осы 4 үміткер бүгінгі таңда Консорциумға кіру мәселесін қазір құрылымды орган пысықтауда. Енді осы айдың аяғында немесе ақпан айының басында Үкімет шешім қабылдауы тиіс.