Мәжіліс төрағасы депутаттардың алдында бірқатар міндет қойды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды іске асыру бойынша Мәжіліс төрағасы депутаттардың алдында бірқатар міндет қойды. Ерлан Қошанов Үкіметтің қосылған құн салығы мөлшерін 12 пайыздан 20 пайызға дейін өсіру ұсынысына қатысты өзінің пікірін де білдірді.
Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ппремьер-министр Олжас Бектенов және орынбасары Серік Жұманғарин аталған өзгеріске қатысты министрлер кабинетінің ұстанымын білдіріп, оны салық-бюджет жүйесін сауықтыру мақсатымен түсіндірген. Себебі салықтық салмақтың 40 пайызы еңбекақы төлеуге, сәйкесінше өзіндік құнға түсіп отыр. Тиісінше, еңбекақыға түсетін салмақты сату құнына ауыстыру қажеттігі алға тартылды. Ол үшін қосылған құн салығының мөлшері ұлғайтылып, есесіне әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің зейнетақы қорына аударым мөлшерін төмендету ұсынылған еді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Біз қосылған құн салығы мен әлеуметтік салық бойынша Үкіметтің позициясын білдік. Бұл мәселе бойынша сарапшылар мен Парламент деутаттары да өз пікірлерін айтуда. Сондықтан мемлекеттік органдар бизнеспен бірлесіп, Салық кодексіне ұсынылып отырған түзетулерді мұқият талқылайтын боламыз. Өзгерістерді барлық қырынан жан-жақты қарастырып, салық саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған салмақты шешім қабылдауымыз қажет.