«Turkistan Marathon-2025» спорттық жарысына 3 мыңнан астам адам қатысты

  • 58
  • 29.10.2025, 19:51

Түркістан облысы және қала әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған жарысқа әлемнің 20-дан астам елінен келген желаяқтар қатысты. Олар 3 шақырымнан бастап, 42 шақырымға дейінгі қашықтықтықты еңсерді.

Түркістандағы халықаралық марафонның шымылдығын 3 шақырымға жүгірген балалар ашты. 13 жасар Нұржан Сержан бұл межені 10 минут 30 секундта еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті. 

Нұржан Сержан, жас марафоншы:

- Бұл уақыт өзіме ұнайды. Соңғы шақырымда қостым. Халықаралық жарыс болғаннан кейін әсері күшті болады. Марапаты бәрі жақсы. Сол үшін ниеттеніп келгем, ұйымдастырушыларға рақмет. 

Биылғы дәстүрлі марафонға 3 мыңнан аса әуесқой және кәсіби спортшы қатысты. Қатысушылардың 2900-і еліміздің әр өңірінен келген спортшылар болса, 365-сі әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік желақтар. Өзбекстандық Андрей Петров ерлер арасында 42 шақырымды 2 сағат 16 минутта жүрігіп өтіп, бұрынғы үздік нәтижені жаңартты.

Андрей Петров, жарыс жеңімпазы (Өзбекстан):

- Жүгіру алаңы өте керемет. Ешқандай кедергі болмады. Ең ұзақ қашықта жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға, «Kaspi.kz-ке» алғысымды білдіремін. Түркістанға алғаш келуім, бұйырса келесі жылы да қатысып, рекорд орнатқым келеді. Ура!!!

Марафонға қатысушылардың ең жасы үлкені 91 жастағы Салиха Зигангерова. Щучинск қаласынан келген кейуана 10 шақырымды 1 сағат 40 минутта еңсерді. 

Салиха Зигангерова, марафонға қатысушы:

- Мен 3 жылдан бері скандинавиялық жүріспен шұғылданамын. Менің жасымда жүгіру оңай емес. Десе де жастарға айтарым, спортпен шұғылдану жас талғамайды. Қай кезде бастаса да кеш емес. Өзімді 70 жастағыдай сезініп тұрмын. 

Әртүрлі жас пен мамандық иелерін спортқа құмарлық біріктіреді. Жанкүйерлер мен спортшылар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады. Мұндай ірі шаралардың туризм мен қонақүй бизнесінің дамуына да ықпалы зор. Қазір қаладағы 3 мың орындық жүзге жуық қонақүйде орын жоқ. Спортшылар алдын ала төлем жасап, алып қойған. 

Мұрат Онан, «Керуен сарай» туристік кешенінің бас директоры:

- Қонақүйіміз қонақтарға толды. Тең жартысы шетелдік, қалғанына қазақстандық спортшылар жайғасты. Олар қонақүйде кем дегенде 3-4 күн аялдайды. Kaspi.kz біздің серіктесіміз. Қонақтардың көбі «Kaspi-ді» қолданады. 

Мұндай бастамаларды қолдау – тек спортқа ғана емес, қаланың дамуына да үлес қосу. Бизнес пен биліктің дәл осындай серіктестігі марафонды ауқымды және танымал етеді. 

Маржан Елшібаева, Kaspi.kz  атқарушы директоры:

- Біз Kaspi-де елімізді жақсы жаққа өзгерте түсетін осы спорттық шараны қуана қолдаймыз және біз тек қолдап қана қоймаймыз, өзіміз де жүгіреміз. Жыл өткен сайын көбейіп келеміз. Жүгіруге ниеттілерді қатарымызға қосылуға шақырамыз.

Марафонның басты мақсаты – адамдарды спорттың айналасына біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттау. Ал қала үшін туризм мен жергілікті бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндік. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш