Карантинде киберспорттың көрігі қызды
Коронавирустың кесірі барлық спорт түріне әсер етті. Енді жанкүйерлер назары компьютерлік сайыстарға ауды. Виртуалды онлайн ойынға кәсіби спортшылар да араласып, киберспортта бәсеке көркін қыздырды. Коронавирус тұтас спорт әлемін карантинге жіберді. Қазір «Үйде бол» қағидасын ұстанған спортшылар компьютерлік ойындарға бет тұрды. Киберспорт әлдеқашан ресми спорт болып тіркелгені белгілі. Тіпті виртуалды әлемдегі ойын түрі болашақтың спорты аталады. Бұған қазіргі жағдай дәлел.
Бүгінде әлемнің атақты спортшылары мен командалары киберспортқа ден қойып, өзара қашықтан бәсеке көркін қыздыруда. Бұл үрдістен біздің футболшылар да шет қалмады. Мысалы, «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Макс Эбонг «Ливерпульмен» жеңіске жетсе, «Қайрат» ойыншысы Еркебұлан Тұңғышбаев «Манчестер Ситимен» «Барселонаның» осал тұсын тапты. Отандық футболшылар жасыл алаңда ғана емес, виртуалды әлемде де әдемі ойнай алатынын паш етті. Қазақстанда қазір чемпиондар киберкубогы басталды. Оған кәсіби футболшылардан бөлек, тәжірибелі киберспортшылар және компьютерлік ойынның әуесқойлары қатысып жатыр. Олардың арасында танымал актер Нұрлан Қоянбаев та бар.
Ресейде де онлайн матчтар қыза түсті. Орыстар өз чемпионаттарына басымдық беріп, онлайнда сүйікті командасының жеңісіне масаттануда. Ресейде зеріккендер мен еріккендер онлайнда емес, бетпе-бет жүздескенді құп көреді. Әрине, топ болып жиналып жатқан жоқ. Үйде отырып та тақым қысқандар жетерлік. Жасыл алаңды сағынғандар сүйікті командасының жейдесін киіп, бұл жолы аяққа емес, алақандағы компьютер тетігіне кезек берді. Онлайн ойынның да өз қызығы мен қиындығы бар.
Артём Дзюба, Ресей құрамасының футболшысы:
- Футбол ойнадық. Мен 1:0 есебімен алға шыққан едім. Алайда трансляция әлі басталмапты. Сондықтан біз қайтадан бастадық. Ол екі доп соғып алға шықты. Кейін байланыс нашарлап кетті. Ғаламтор желісі іске қосылған соң жалғастырдық. Мен жеңіске жеттім. Қиын кездесу болды. Үш ұпай қалтада, әлі жалғастырамыз.
Кәсіби спортшылар виртуалды әлемге тез бейімделді. Әсіресе велоспортшылардың қашықтан онлайн жарысқа түсуі қызық. Бұл жолы олар Бельгиядағы классикалық сайыс «Фландрия турында» сынға түсті. 11 кәсіби велоклубтың өкілі жарыс жолына шықты. Виртуалды сайыс демесеңіз, бұл кәдімгі бәсекеден кем емес. Өйткені арнайы бағдарлама бойынша велосайыстың компьютерлік нұсқасы жасалды. Тіпті «Фландрия туры» телеарнадан да таратылды. Олимпиада чемпионы Грег ван Авермат компьютерлік ойында да епті екенін байқатып, топ жарды.
Велоспорттағы әріптестерінен Формула-1-дің автошабандоздары да қалыспады. Көлігімен құстай ұшатын спортшылар қазір компьютерлік сайыстарға кезек берді. Автоспортшылар көлікті ғана емес, компьютерді де жақсы меңгергенін байқатып, сайыс көркін қыздырды. Аустралия Гран-Приінде «Феррари» өкілі Шарль Леклер жеңіске жетті. Қазір мотосайыс, футболдан Еуропа елдерінің чемпионаттары және Ұлттық баскетбол қауымдастығы виртуалды әлемге ауысты. Теннистен АҚШ ашық біріншілігі де онлайн жүйеге көшті. Әзірге теннис жанкүйерлері жеңімпазды дауыс беру арқылы анықтайды.
Авторы: Қанат Базылханов