Азия чемпионы Виталий Худяков Ыстықкөлді 13 сағатта жүзіп өтті
56 шақырым қашықтықты жүзіп өткен спортшы бұл әрекетін Токиодағы Олимпиада ойындарына арнаған. Себебі 5 тамыз күні төртжылдық додасында ашық суда жүзуден жарыс басталуы тиіс болатын, деп жазды Olympic.kz.
Худяков 5 тамыз күні Шолпан-Ата уақытымен 5:15-те жүзуді бастап, Каджи-Сая жағажайына жетті. Судың темпертаруасы 18-19 градус, ал жалпы қашықтық 56 шақырым. Ыстықкөлдегі ең терең жер 523 метрді құраған. Жалпы алғанда Виталий Худяков Ыстықкөлді 13 сағат 18 минутта жүзіп өтті. Аталған уақыт пен қашықтықты Қырғызстан жүзу федерациясының өкілі Ахмет Анарбаев тіркеген.
«Мұндай нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын. Дайындық бекер кетпеді. Келесі жылы өтетін Олимпиада ойындарында жанкүйерлерімді қуантамын деген үміт бар», – дейді Худяков.
«Былтыр Виталий Токиодағы Олимпиада ойындарына жолдама алды. Виталий екеуміз Олимпиадаға арналған ерекше оқиға дайындағымыз келіп, Ыстықкөлді жүзіп өту керек деп шештік. Әлемде қазіргі жағдай болмағанда, осы күні Олимпиада ойындарында бақ сынап жатар едік. Шынымды айтсам, жүзу кезінде Виталиді төрт рет тоқтатқым келді. Өйткені ұлым үшін қатты уайымдадым. Бірақ ол соңына дейін шыдап, есте қаларлық нәтиже тіркеп отыр. Дайындықты жазда қысқа шақырымдардан бастадық. Жүзу басталатын күні Виталий бәріне де дайын болды. Сол себепті осындай жетістікке жетіп отыр. Оның бұл көрсеткішімен мақтанамын, келесі жылы Олимпиада ойындарында жанкүйерлерді қуантамыз деп сенемін», – дейді спортшының әкесі әрі жеке бапкері Евгений Худяков.
Айта кетелік, Виталий Худяков Ақтөбе облысының атынан сынға түседі. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Төрт рет Азия чемпионатында топ жарған (2013, 2017, 2018, 2019). Сондай-ақ 2014 және 2016 жылдары Виталий Худяков жағажай ойындарында жеңіске жеткен. Әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі – 7 және 9-орын. 2016 жылы Рио Олимпиадасында бақ сынады. Қазіргі сәтте Худяковтың қоржынында Токио Олимпиадасының жолдамасы бар.