Өскемендегі ұлттық ат спорты мектебінің халі мүшкіл
Қазір құрылыс компаниялары инфрақұрылым тарту үшін сол аумақтың айналасын қазып жатыр. Ал мектептің ендігі тағдыры қалай болатыны туралы қала әкімдігі әзірше ештеңе айта алмай отыр. Оқу орнындағы 176 бала ұлттық ат спортының оннан астам түріне машықтанып жүргендіктен, ата-аналар мен жаттықтырушылар мектеп жабылып қала ма деп алаңдаулы.
Ат мінгісі келетін әрбір бала әуелі оң-солын танудан бастайды. Жүгендеп, ерттеп мінуден бастап үйретеді. Сондықтан да балалардың ұлттық ат спорты мектебі деп аталады. Бастапқыда санаулы ғана шәкірт үйірме ретінде қатысса, бүгінде бұл мектепте 176 жасөспірім бар. Бес жасынан мінуді үйренген Еркеназ қазір ат құлағында ойнайды.
Еркеназ Ермекқызы, оқушы:
- Басында жаттықтырушылар үйреткен. Қазір өз бетіммен жүре беремін. Осында атқа отыруға келіп жүрмін. Маған берілген атпен жүремін.
Ұлттық мектепке балалар сегіз жастан қабылданады. Атқа толық үйренген соң спрорттың түріне қарай іріктеледі. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, қыз қуу сияқты ойындарға машықтанады.
Олжас Керейхан, тілші:
- Ат үсті әуле. Бірақ қаланың балалары үшін бұл ұғым түсініксіздеу болса да, жылқыға деген құмарлық қазақтың қанында болғандықтан, атқа мінгісі келмейтін адам кемде-кем. Бұл спорттық мектеп болашақ шабандоздар үшін ашылған. Бірақ қазір...
Қазіргі жағдайы қиын. 2000 жылы облыстық деңгейде ашылса, 2017 жылдан бастап Өскемен қаласы әкімдігінің қарамағына өтеді. Ал былтыр мектеп тұрған аумаққа тұрғын үй салу туралы шешім шыққан. Қазір ол жердің астаң-кестеңі шығып жатыр. Бірақ оған қарамастан балалар құрылыс материалдарының арасында атпен шауып жүр.
Ермек Жәпішев, жаттықтырушы:
- Біздегі ерекшелік – далада орналасқандығында. Қазір спорт кешендерінің бәрі жабық. Далада болғандықтан балалардың көбі келеді. Ата-аналардың өзі қарсы емес. Алаң жоқтығы қинап тұр. Екі үйді айналып жүрміз.
Айналып жүргенде қорыс-қопасы шыққан жерден ат үркуі де мүмкін. Жаттықтырушылар үшін де ең негізі мәселе осы.
Қабдрахман Тұрашев, ұлттық ат спорты балалар мектебі директорының орынбасары:
- Алдымен мектептің жағдайын шешсе ғой. Істей берсін. Үй салу керек. Бәрін түсінеміз. Бізге ешкім келіп айтқан жоқ. Балалар шулап жатыр. Көктемде ипподромды, жазда жерді алып алды.
Алып алған жерге үй салу үшін қазір инфрақұрылым тартылып жатыр. Қала әкімдігі мектепті көшіру мәселесін әлі ойланып отрыған көрінеді.
Әлібек Тұрсынбетов, қала әкімінің кеңесшісі:
- Қазіргі кезде біздің қаланың бас сәулетшісі, арнайы мамандар ол мектептің қолайлы жерге орналасу мәселесін қарастырып жатыр. Сабақтар өтетін кезде оқушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мектеп ұжымы мен ата-аналар да ерекше мүдделі. Бірақ олар қала әкімдігі сол қауіпсіздікті сылтау етіп, ұлттық мектепті біржола жауып тастай ма деп алаңдаулы.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин