Елімізде спорттық жылқылар көбейеді
Елімізде спорттық бағыттағы жылқыларды өсірушілерге қолдау көрсетіледі. Мұндай бастаманы Сенат депутаттары көтерген. Заң жобасына енгізілетін өзгерістер Әділет министрлігіндегі ведомствоаралық комиссияда талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, Қазақстанда қазір спорттық бағыттағы таза қанды 268 ғана жылқы бар. Елде ат спортына деген сұраныстың артып келе жатқанын ескерсек, «Мемлекеттік қолдаудың қажеттігі даусыз», - дейді мамандар. Әзірге оның тетіктері белгісіз. Бір белгілісі Заң жобасы алдағы уақытта Мәжілістің қарауына ұсынылады.
Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Бүгінге дейін біз жылқыны тек өнім беретін жылқы ретінде ғана қарадық. Ал қазір енді бұл қосымша жылқының өзін екіге бөліп жатырмыз. Спорт бағыты және өнім беретін. Бұл қосымша қаржыны талап етеді. Сондықтан біз расчетын жасап, Қаржы министрлігіне береміз. Сосын қолдау тапса, біз осы бағытта айналысып жатқан адамдарға қаржылай көмек береміз.