Күрес түрлерінен ұлттық біріншілік аяқталды
Күрес түрлерінен бес күнге созылған ұлттық біріншілік аяқталды. Жарыстың соңғы күні жұрт 97 келі салмақтағы финалдық белдесуді тағатсыздана тосты. Өйткені әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен ел чемпионы Әлішер Ерғалидың жолы түйіскен. 19 жасында-ақ дүниежүзін мойындатқан Ризабектің жеңісіне барша қазақтың риза болғаны есімізде. Өйткені бұл көптен күткен алтын еді. Сол Ризабек 92-ден 97 келі салмаққа ауысқан. Ал бұл салмақта Әлішер соңғы жылдары елімізде өзіне тең келер қарсылас таба алмай жүрді. Осылайша қос мықты боз кілемге шыққан бетте аңдысып жатпай бірден айқаса кетті. Белдесуді қарқынды бастаған Ризабек уақыт өте келе шаршап қалды. Әрине, салмақ ауыстыру да оңай емес. Тәжірибелі Әлішер Ерғали белдесудің екінші кезеңінде басымдылық байқатып, кезекті рет Қазақстан чемпионы атанды. Біреулер қуанды, енді біреулер: «Әттеген-ай», - деді. Бұл жерде ешкім ұтылған жоқ. Керісінше осылай бәсекелестік болған жерде күрестің де беделі биіктей береді. Жәмила мен Эльмираның күресі қандай? Айызыңды қандырады. Ендеше әлемнің апайтөс балуандарымен йық тірестіру үшін Ризабек пен Әлішерге Париж ойындарына дейін тағы бір емес, бірнеше рет күресіп жіберсе де, артық болмайды.