Артаев жүлдесі дәстүрге айнала ма? Спорт жаңалықтары
Астанада Бақтияр Артаевтың жүлдесі үшін бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр.
Астанада Олимпиада чемпионы, Баркер кубогыны иегері Бақтияр Артаевтың жүлдесі үшін бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бәсекенің ауқымы да кең екен. Еліміздің түкпір-түкпірінен, қала берді Өзбекстан мен Тәжікстаннан 300-ге жуық үміткер келіпті. Дәл қазіргі уақытта жасөспірімдер бірнеше салмақта іріктеу кезеңінде бақ сынап жатыр. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері 29 наурызда белгілі болады. Ел ертеңіне баланған жастарға жол ашу мақсатында жүзеге асқан жобаның жалғасын тапқаны дұрыс. Өйткені буыны енді қатқан боксшылардың тәжірибесін толықтырып, шеберлігін шыңдайтын осындай жарыстар. Афины олимпиадасында абыройымызды асқақтатқан Артаевтың турнирінде топ жару - былғары қолғап кигендерге үлкен мәртебе. Сондықтан Бақтияр Артаев турнирі дәстүрге айналады деген ойдамыз.
Балалар футболын қолдау қажет
Елордада футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир шарықтау шегіне жетті. Астана кубогі жолындағы жарысқа алаң иелері мен Ақтөбе, Ақсу мен Шахтер, Тараз бен Оқжетпес клубтарының балғын аяқдопшыларымен қоса, ресейлік «Спартак» пен Өзбекстанның «Бунеткор» командалары келген болатын. Алдымен 16 команда топтық кезеңде бақ сынап, іріктеуден іркілмей өткен 8 команда өзара жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салды. Плей-оффта «Астана» мен «Ақсудың» және қонақ футболшылар «Бунеткор» мен «Спартактың» асығы алшысынан тұрды. Финалдық ойындар бүгін өтеді. «Айта кету керек, мұндай деңгейдегі жарыс Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – балалардың шеберлігін шыңдауға жақсы мүмкіндік», – дейді мамандар. Бұған қоса жарыс аясында бапкерлер де өзара тәжірибе алмасуды көздейді. Алдағы уақытта турнирді тұрақты ұйымдастырып, жағрафиясын кеңейту де жоспарда бар.