Астанада боксшылар арасындағы Азия біріншілігі өтіп жатыр. Спорт жаңалықтары
Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында семсерлесу спортынан Париж Олимпиадасының іріктеу турнирі өтті. Осы сында Вьетнам мен Австралия және Гонконг мықтыларын айқын басымдылықпен ұтқан қазақ қызы Әйгерім Сарыбай Париж Олимпиадасына жолдама алды.
Астанада жастар мен 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия біріншілігі өтіп жатыр. Құрлық бәсекесіне 26 мемлекеттен 500-ден аса боксшы келіпті. Былғары қолғап шеберлері енді 10 күн бойы 13 салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды сарапқа салады. Жарыс жерлестеріміз үшін сәтті басталды деуге болады. Бірінші күні шаршы алаңға 5 қазақстандық боксшы шығып, 3-еуі қарсыласын нокаутпен жеңді. Атап айтқанда, Алексей Хаванцев, Санжарәлі Бегалиев және Ахмет Үсен кездесулерін уақытынан бұрын аяқтады. «Алдағы күндері де осы қарқынды жоғалтпай, жалпы командалық есепте бірінші орын алуымыз керек»,— дейді ұлттық құраманың аға бапкері Қайрат Сәтжанов. Яғни ұлттық құрама спортшылары кемі 7 алтын медаль жеңіп алуды көздеп отыр. Астанадағы Азия чемпионаты 7 мамырға дейін жалғасады.
Рамазан Естемесовты еске алуға арналған футболдан республикалық турнир өтті
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылында «Қайрат» футбол командасының бұрынғы ойыншысы Рамазан Естемесовты еске алуға арналған футболдан республикалық турнир өтті. Заманында Сейділдә Байшақов, Тимур Сегізбаевтармен тізе қосып, жасыл алаңда жасындай жарқылдаған Рамазан Атымтайұлы ұзақ жылдар бойы Алматы облысының Күрті ауданындағы спорт мектебін басқарып, жас ұрпақты футболға баулыды. Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ұйымдастырылған республикалық ашық турнир екі жас ерекшелігі бойынша өтті. Жастар арасында Жамбыл ауданының «Аққайнар» командасы топ жарды. Ал 45 жастан жоғары топта «Қарақыстақ» командасы бірінші орынды жеңіп алды. «Ауыл спортын дамытып, жас өрендерге жол ашу мақсатында бұл турнирді болашақта дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз»,— деді футболшының ұлы Азамат Естемесов.
Азамат Естемесов, спортшының ұлы:
-Ауданның спорт бөлімінің бастығы болған. Осы ауданда еңбек етіп, еңбегінің берекесін беріп жатыр. Сол оқушылары атсалысып келіп жатыр, қолдап. Сол азаматтарға мың да бір рақмет! Бұл турнир басталғанына биыл екінші жыл. Ары қарай жалғасын табады деген сенімдемін.
Мұрат Сейсебайұлы, шәкірті:
-Рамазан ағамыз «Қайрат командасында ойнаған Сейділдә Байшақов, Тимур Сегізбаевтармен қатар. Жамбыл облысының «Дала Қайнар» деген бірінші лига командасында ойнады. Әрине, қазақ балаларының ішінен мықты-мықты, үлкен, жақсы спортсмендер шығуы әбден мүмкін.
27 сәуірде Алматыда алғаш рет волейболды отырып ойнаудан инклюзивті турнир өтті
Турнирге параволейболшылармен қатар журналистер және блогерлер қатысты. Шараның басты мақсаты волейболды отырып ойнау спорт түрімен танысып, Париж Олимпиадасына баратын ұлттық құрамаға қолдау көрсету еді. Волейболды отырып ойнаудан қазіргі таңда Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 78 команданың арасында 6-шы орында тұр. Еліміздің спортшылары өткен жылы Азия чемпионатында күміс жүлде иеленіп, Париж Паралимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған болатын. Соңғы рет Паралимпиада ойындарында волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама 1996 жылы қатысқан. Төртжылдықтың басты додасы биыл Францияның төрінде 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.