Тарихта тұңғыш рет қазақ қызы Эверестті бағындырды
Непалдан сүйінші хабар!
Тарихта тұңғыш рет қазақ қызы Анар Бурашева Kazakh Everest Team командасының құрамында әлемнің ең биік шыңы Эвересті бағындырды.
Біздің спортшылар соңғы базалық лагерьден жер шарының биік нүктесіне дейінгі жолды 5 тәулікте жүріп өткен. 8 мың метрден жоғары биіктіктегі шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі дауыл мен боранның кесірінен кері қайтты. Тек бес елдің альпинисттері Эверестке сәтті көтеріле алды.
Анармен бірге қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев та шыңға шықты. Бұл оның Эверест шыңын осымен үшінші рет бағындыруы. Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев әлемдегі ең биік шыңға Қазақстанның Мемлекеттік туын орнатты. Қазір альпинистердің жағдайы жақсы, олар базалық лагерьге қайтып келеді.