Хабар телеарнасы

Семейде дәстүрлі садақ атудан Қазақстан кубогы аяқталды. Спорт жаңалықтары

Жарақатынан кейін үлкен жарыстарға қайта оралған теннисші Зарина Дияс Жапонияда өтіп жатқан ITF турниірінің екінші айналымына жолдама алды. Ал Жібек Құламбаева Хорватиядағы турнирді жеңіспен бастады. Қазақ қызы голландиялық қарсыласын ұтып, ширек финалға жақындай түсті.

Семейде дәстүрлі садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогы жолындағы жарыс аяқталды.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам мерген қатысты. Жарыс Пута, Қалқан, Жамбы және командалық жарыс түріндегі 4 нысана негізінде өтті. Пута нысанасы бойынша ерлер арасында Ербол Тапенов топ жарса, әйелдер арасында Айкөркем Батихан алдына жан салмады. Қалқан нысанасында Абылайхан Қанат пен Динара Жақсылықованың жолы болды. Ал жамбы сайысында Қасымхан Қанат пен Майгүл Нұрғалиеваның асығы алшысынан түсті. Командалық сайыста Батыс Қазақстандық садақшылар жеңіс тұғырынан көрінді.

Диас Ахметов, дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
-Бұл жерде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына соңғы лицензия ойнатылып жатыр. Ерлер арасындағы 6-лицензия үшін Али Сейсигюзель, Қасымхан Қанат және Абылайхан Қанат бақ сынады. Яғни осы Қазақстан Кубогында кім үздік болса, лицензия сол мергенге бұйырады.

Қазақ спортының қайрағы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған ізгі шаралар әлі де жалғасын тауып жатыр.

Жақында «Хабар» Агенттігінің» ұйымдастыруымен Алматы қаласында БАҚ өкілдері бас қосса, енді кіндік қаны тамған Мақаншы ауылында жас өрендер ала допты жусатып өргізіпті. Балғын балалық шағын Жайтөбенің етігінде өткізген жаны жайсаң азамат көзі тірі болғанда 55 жасқа толар еді. Аз ғана ғұмырында артында өшпес із қалдырған Амангелді Сейітхановтың бірге туған бауырлары мен ұстаздары Мақаншы төрінде келісті турнир ұйымдастырыпты. Бұл сынға Мақаншы өңірінің арысы мен берісінен 10 нан аса команда қатысып, жүлделі орындарды өз ара бөліскен. Мақаншым мақтанышым деп әрдайым туған жерін жадынан шығармаған Амангелдіні ауылдастары да бір сәтке ұмытқан емес. Жарысқа арнайы келген меймандар марқұм жәйлі жылы естіліктерімен бөлісіп, «Жеңісті күндерде жолығайық!»,— деп тарқасты.

Олжас Соғымбай, Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары
-Дәл осындай еске алу турнирлері арқылы болашақ жас спортшыларымыздың бойында жігер күші қалыптасады. Амангелді ағайдай елін сүйген, жерін сүйген патриот азаматтарды біз кеңінен насихаттауымыз қажет. Болашақта Мақаншы ауданында Амангелді Сейітханов атындағы көше ашылып болмаса А. Сейітхановтың ескерткіш тақтасы қойылса да бұл ағамыздың екінші өмірінің мәңгілік өмірінің басталғанын растайды.

Талдықорғанда суға жүзуден ҚР ашық чемпионаты басталды.

Жарысқа еліміздің әр аймағынан және Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Үміткерлер 4 түрлі әдіспен бірнеше қашықтықта бақ сынайды. Мамырдың он жетісіне дейін жалғасатын турнирде жеңіс тұғырына көтерілгендер ұлттық құрамаға шақыртылып байрақты бәсекелерге қатысуға мүмкіндік алады. Ал А категориялы нормативті орындағандар Париж олимпиадасының жолдамасына қол жеткізеді.