Хабар телеарнасы

Алматыда бокстан дәстүрлі Сағадат Нұрмағамбетов жарысы басталды. Спорт жаңалықтары

Халық қаһарманы, армия генералының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған сынға еліміздің барлық өңірінен және Армения мен Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстаннан 150-ге жуық үміткер қатысып жатыр. Осымен 27-ші рет жалауы желбіреген дәстүрлі турнир талай таланттардың томағасын сыпырған. Нұрмағамбетов жарысында топ жарған былғары қолғап шеберлерінің алды әлем және Олимпиада ойындарында олжа салды. Биылғы жарысқа да айдарынан жел ескен кіл мықтылар жиналыпты. Жыл сайын осы жарыстың өтуіне ұйытқы болып жүрген ҚР Қорғаныс министрлігінің орталық спорт комитеті биыл да жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырыпты.

Астанада елшілік қызметкерлері арасында тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды 

Терең ой мен тапқырлықты талап ететін тоғызқұмалақ ойыны - көнеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. «Тоғызқұмалақты тарих бетінен өшірмей келер ұрпаққа жеткізу мақсатында қазір келелі жұмыстар жүргізіліп жатыр», — дейді федерация басшылары. Бүгін Астанада елшілік қызметкерлері арасында жарыс ұйымдастырылды. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының ұйытқу болуымен өткен сынға 10 елдің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері қатысты. Қыркүйек айында елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында тоғызқұмалақ та бар. Бұл сынға әлемнің 50-ден астам елінен тоғызқұмалақ шеберлері келеді деп күтілуде.

Әлихан Байменов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті:
-Біз жылдағыдай жарысқа тек қана тоғызқұмалақ шеберлерін емес, сонымен қатар түрлі елшіліктердің өкілін, дипломаттарды да шақырдық. Ойымыз солар арқылы тоғызқұмалақ одан әрі өзінің аясын кеңейте берсе, өздеріңіз білетіндей 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның шешімімен адамзаттың мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Қазір біздің әлем чемпионаттарында 30-дан астам мемлекеттің өкілдері қатысады.

Халықаралық балаларды қорғау күні Астанада дәстүрлі марафон өтеді.

Салауатты өмір салтын серік еткендер дәл осы күнді асыға тосып отырғаны анық. Биылғы марафонға жасы да, жасамысы да қатысады. Алдымен балалар 400 метрге бақ сынаса, артынша жас өрендер 1 шақырымды жүгіріп өтеді. Ал ересектер 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынайды. Марафонның негізгі мақсаты - дене тәрбиесінің денсаулық кепілі екенін насихаттап, қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ биылғы марафон қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылады.