Хабар телеарнасы

Бокстан Таиланд астанасындағы лицензиялық турнирдің жеребесі тартылды

Ерлер арасындағы жалғыз үмітіміз Мұхаммедсабыр Базарбайұлы филиппиндік Кристиан Лаурентемен сынға түседі. Әйелдер арасында жеңіл салмақтағы Назым Қызайбай Олимпиада жолдамасы жолындағы жарысты словакиялық Никол Дуриковаға қарсы бастайды.

54 келідегі Ұлжан Сәрсенбек Америкалық Шир Патрисиомен қолғап түйістіреді. Римма Волосенко неміс қызы Мария Фелиситаспен шаршы алаңға шығады. Наталия Богданова сербиялық Кристина Кулуховамен жұдырықтасады. Валентина Хальзова украиналық Каролина Махномен кездеседі. Бангкок қаласындағы бәсеке ертең басталып, екінші маусымға дейін созылады. Әлемдік іріктеу турнирінде Париж Олимпиадасының соңғы 51 жолдамасы сарапқа салынады.   

Назым Қызайбай, бокстан Ұлттық құрама мүшесі:
- Барлық қыздарға жауапкершілік үлкен. Өйткені бұл соңғы мүмкіндік Олимпиадаға лицензия алуға. Оны бәріміз түсінеміз. Оқу-жаттығу жиындары жақсы өтті. Құрама команда жақсы дайындалды деп ойлаймын. Енді ең бастысы соны рингте көрсете білсек.