Қазақстан құрамасы теңге ілуден Азия чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары
Алматы облысында өткен құрлық біріншілігіне жарыс қожайындарынан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан және Ресей мен Венгрия спортшылары қатысты. Теңге ілуде қазақ жігіттері ептілік пен шеберліктерін паш етіп, бас жүлдені ешкімге ұстатпады. «Бес белес» стилінде Ғалымжан Ізжанов жеңіске жетті. «Қос құлаш» бағдарламасында Рахат Қамбаров топ жарды. Ол Азия чемпионатының ең үздік теңге ілушісі атағына да ие болды. «Жеті құт» жарысында Бақыт Төлтай басым түсті.
Амангелді Әбдіқадыров, Теңге ілу халықаралық федерациясының президенті:
-Өтіп жатқан жарыс алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық десек те болады. Өйткені теңге ілу ептілікті, көп тәжірибені қажет етеді. Спортшылар осындай үлкен дәрежедегі сайыстар арқылы тәжірибе алады.
Келесі жылы қазақ күресінен тұңғыш рет әскерилер арасында әлем чемпионаты өтеді.
Ресми қаулы Астанада өткен жиында қабылданды. CISM өкілдері сол үшін Қазақстанға келіп, ұлттық күресті жан-жақты зерттеген. Осыған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты Спорт комитетінің төрағасы Арман Әбеуов халықаралық жиында шетелдік мамандарға ұсыныс тастаған еді. Қазақ күресі енді әскерилер арасында да әлемдік деңгейде насихатталады. Қазір Халықаралық әскери спорт кеңесінің құрамына 140 ел кіреді.
Еркебұлан Түсіпхан, ҚР ҚО спорт комитеті төрағасының орынбасары:
-Комиссия мүшесі келді. Біздің дайындығымыз туралы сөз қозғады. Жарыстың қай жерде болатынын, қалай өтетінін, ережелерін талқыладық. Көпшілік қолдады. Біз дайынбыз.
Алматыда оқушылар арасында «былғары доп» турнирі өтті.
Аладоп сайысына шалғайдағы әскери қызметшілердің де балалары қатысты. 9-11 жас аралығындағы республикалық жарыста 40-тан астам бала жасыл алаңда өз шеберлігін паш етті. Жеткіншектердің аяқ алысын кәсіби мамандар Болат Төлегенов пен ардагер футболшы Виктор Катков тамашалап, балалардың қимылына баға берді. Турнирде «Сарыөзек» командасы чемпион атанды. Финалда олар «Гвардия» балаларынан басым түсті. Үздік үштікті «Үшарал» командасы түйіндеді.