Түркістанда М. Ділдәбеков турнирі өтіп жатыр
Түркістанда Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков жүлдесі жолындағы дәстүрлі халықаралық турнир басталды.
Естеріңізде болса, 2000-шы жылдары ауыр салмақта атой салған Мұхтарханның Сидней шаршы алаңында алып денелі Рубалкабаны сабағаны кеше ғана сияқты еді. Көзді ашып-жұмғанша 24 жыл өте шығыпты. Сол Алексис Рубалкабамен Мұхтархан қайта жолықты. Бұл жолы әрине, жұдырықтасқан жоқ. Құшақтасып көрісті. Ділдәбековтің турниріне қонақ ретінде келген Куба боксшысы ағынан жарылып, қазақ боксшыларына Париж Олимпиадасында сәттілік тілепті.
Турнирге келер болсақ, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан, Тәжікстан мен Грузия және Ресей мен Моңғолияның ең мықты деген жас боксшылары келіпті.
Ел намысын Төрехан Сабырхан секілді серке спортшылар қорғайды. Жарыс жеңімпаздары 28-ші маусым күні белгілі болады.
Төрехан Сабырхан, бокстан Қазақстан жастар құрамасының мүшесі:
- Мұхтархан ағамыздың жарысы өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өте керемет өтіп жатыр. Көптеген елдерден қарсыластар келді. Ол боксшылар бізге керек. Алла қаласа қазан айында өзімізде әлем чемпионаты өтеді. Сол әлем чемппионатына тыңғылықты дайындалып, бұйырса, жол жарыста көк Туымызды желбіретемін деген ойдамын.