Қазақстан құрамасы семсерлесуден Азия чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары
Кувейттегі құрлық біріншілігінде біздің жігіттер сәтті өнер көрсетіп, финалда Жапония құрамасынан басым түсті. Мажарстандық маман Ференц Тот баптайтын Қазақстан спортшылары 40:34 есебімен жеңіске жетті.
Команда сапында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов төрттігі сайысқа шықты. Бұл жігіттер бір айдан кейін Париж Олимпиадасында сынға түседі. Әйелдер арасында Әйгерім Сарыбай қазақ қыздары арасынан алғаш болып Олимпиада жолдамасын жеңіп алғанын да айта кетейік.
Қазақстан балуандары Париж Олимпиадасы алдындағы оқу-жаттығу жиынын Алматы облысында өткізіп жатыр. Франция астанасындағы кешенді сында жеті жігіт кілемге шығады.
Еркін күресте Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали және Жүсіп Батырмұрзаев бар. Классиктер арасында Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев, Нұрсұлтан Тұрсынов және Әлімхан Сыздықовқа үміт артамыз. Балуандардың барлығы кешенді сында ысылған тәжірибелі жігіттер. Қазір ұлттық құрама тау баурайында күніне үш мәрте жаттығу жасап, тыңғылықты дайындалып жатыр. Балуандар Парижге 5-ші тамызда аттанады. Белдесулер 8-де басталады.