Париж жазғы Олимпиадасының басталуына екі апта қалды
Франция астанасындағы спорт додасы қазірдің өзінде рекорд орнатқан. Олимпиадаға ең көп билет сатылыпты. Спортшылар үшін 40 түрлі тамақ ұсынылады. Франциялықтар тағы несімен таң қалдырмақ?
Пандемияға байланысты 2021 жылғы жазғы ойындар мен 2022 жылғы қысқы ойындар көрермендерсіз өткен болатын. Содан болар халық Олимпиаданы қатты сағынған секілді. Париждегі спорт жарыстарына 8,5 миллион билет сатылыпты. Осылайша рекорд жаңартылды. Демек жұмсалған шығын белгілі деңгейде өтеліп жатыр. Әлемдік додаға дайындық үшін 9 миллиардқа жуық еуро бөлінген. Оның екі миллиардына инфрақұрылым салыныпты. Франция астанасында қазір кәдесый сататын сауда орындары дайындалып жатыр.
Эдуард Бардон, Париж-2024 ойындарының сауда директоры:
- Спорт алаңдары мен Париж орталығында 150-ден аса арнайы дүкен жұмыс істейді. Ал қаланың ең танымал орны - Елисей алқабында мегамаркет ашылды. Бұл - ерекше оқиға. Өйткені ол тек жарысқа билет алғандарға ғана емес, бүкіл халық үшін ашық болады.
Биылғы жазғы ойындарға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Алғаш рет брейкинг бойынша жарыс өтетін болды. Олимпиада қалашығы 18 шілдеден бастап қонақтарды қабылдайды.
Тони Эстанге, Париж-2024 Олимпиада комитетінің президенті:
-Олимпиада қалашығы бірнеше күннен кейін ашылады. Кешен 15 мың адамды қабылдайды. Қонақтар үшін барлық жағдай жасалған. Спортшыларға ұнайды деген үміттенеміз.
Жарысқа қатысушылар үшін тамақ мәзірі де белгілі болды. Аспаздар күнделікті 40-тан аса тағам түрін әзірлейді. Оның жартысынан көбі вегетариандарға арналған. Көрермендерге арналған дәмханаларда да етсіз тағамдар ұсынылады. Айтпақшы доданың ашылу салтанаты тұңғыш рет су үстінде өтеді. 26 шілдеге жоспарланған шараға 300 мыңдай адам жиналады деп болжанып отыр. Бұл үшін Сена өзенінің жағалауы бір жыл бойы тазартылыпты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Бекболат Тұрмаханов