Хабар телеарнасы

Олимпиадада брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғайды

Париж олимпиадасының бағдарламасына жаңадан қосылған спорттың бірі – брейкинг. Жастар арасында танымал сайыста қазақ жігіттері де көзге түсіп жүр. Франция астанасындағы ойындарда Қазақстан жұрты Әмір Закировтың жолына үмітпен қарайды. Жерлесіміз әлемдегі мықтылардың бірін саналады. «Әмірдің Париж олимпиадасында топ жаруына қабілет-қарымы жетеді», – дейді спортшының жеке бапкері Шерхан Жеңіс. Закиров төртжылдықтың басты додасына тыңғылықты дайындалды. Бірнеше халықаралық жарысқа қатысып, шеберлігін шыңдады. Қазір Әмірдің өнерін сарапшылар жоғары бағалап отыр. 

Шерхан Жеңіс, ҚР Спорттық би қауымдастығының директоры:

- Әлем бойынша тек қана 16 ұл, 16 қыз қатысады. 3 жыл іріктеу турнирлері жүрді. Сол турнирлер қорытындысы бойынша СНГ елдерінен тек біз шығып тұрмыз. Көбі Еуропа, АҚШ, Азияда мықты жапон, Корея. Бұл АҚШ-тың спорт түрі ғой. АҚШ-тан шыққан. Негізі Қазақстан құрамасы бұрыннан фавориттердің қатарында келе жатырмыз. Әлемнің мықты елдерінің қатарына кіреміз. Әлемдік рейтингте 4-орында тұрмыз.     

Әмір Закиров 2021 жылы брейкингтен әлемдегі ең беделді жарыс Red Bull BC One турнирінде топ жарды. Биыл Шанхайдағы іріктеу сайысында жерлесіміз 15-ші орыннан көрінді. Будапештте Қазақстандық спортшы финалға дейін жетіп, екінші орынға ие болды. Бұл жетістік Әмірдің олимпиада ойындарына қатысуына жол ашты. «Париждегі қарсыластардың барлығын жақсы білемін. «Америкалық Виктор Монтальво - ең мықты бәсекелесім. Бағдарламаның бәрін таза орындайды. Қимыл-қозғалысы да керемет» - дейді Әмір Закиров.