Хабар телеарнасы

Боксшылар Парижге жетті. Спорт жаңалықтары

Үш күннен кейін төрткүл дүние назары Парижге ауады. Франция астанасындағы кешенді сынға алғашқы болып, садақ атудан Қазақстан құрамасы жетті. Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай және Александр Емелин 25 шілде күні іріктеу жарысын бастайды. Ал 27 шілдеде спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов пен Милад Карими сынға түседі. Боксшылар да Парижде жүр.

Қазақ боксшылары да Парижге жетті. Жазғы Олимпиада ойындарында былғары қолғап шеберлеріне үміт артамыз. Мырзағали Айтжанов шәкірттері Францияға толық құрамда барды. Жігіттер қазір жергілікті ауа райына бейімделіп, жаттығуды бастап кетті. Спортшылар Олимпиадалық ауылды аралап, фитнес залдармен танысып шықты. 25 шілдеде бокс жеребесі тартылады. Шаршы алаңға алғашқы болып Мұхаммедсабыр Базарбайұлы шығады.

Мырзағали Айтжанов, бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері:
-Біз енді арнайы 5-6 күн бұрын ерте келіп жатырмыз. Ауа райына, сағатқа үйренуге. Ал енді 5-6 күнде жұмыстарымыз бар. Жеребеден кейін жарыс басталады. Жігіттеріміз оған дейін уақытқа үйреніп, қатемен жұмыс істеп, рингке бірінші шығатындар Олимпиаданы сәтті бастайды деген сенімдеміз.

Париж шаршы алаңында жеті жігіттен бөлек, үш қызымыз жұдырықтасады. Бұрымды былғары қолғап шеберлері де Франция астанасына жетіп тоқтады. Жанкүйерлер 71 келі салмақтағы бәсекені асыға тосады. Орта салмақта Асланбек Шымбергенов сынға түседі. Команда капитаны ойындардың ашылу салтанатында көк туды көтеріп шығады. Боксшы Париждегі алғашқы жекпе-жегін 28 шілдеде өткізеді.

Асланбек Шымбергенов, бокстан Ұлттық құраманың капитаны:
-Үлкен жауапкершілік мен үшін және мақтаныш деп айтсам болады. Еліміздің туын Париж Олимпиадасының төрінде көтеріп шығу.

Париж Олимпиадасының алғашқы жарыс күні дзюдошылар да сынға түседі. 27 шілдеде қазақ елінің үкілеген үміті Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова татамиге шығады. Ұлттық құрама балуандары Францияға 18 шілдеде барды. Біздің қыз-жігіттер Мез қаласында арнайы бағдарлама бойынша соңғы оқу-жаттығу жиындарып өткізді. «Спортшылар жарақаттан дін аман, жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті»,— дейді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Айбек Имашев. Ұлттық құрама Париждегі Олимпиада ауылына 24 шілдеде орналасады. Франция астанасындағы кешенді сында Қазақстанның сегіз дзюдошысы жүлдеге таласады.

Парижде Олимпиада алауын алып жүретін әлемдегі ең ұзын қайық таныстырылды. Оны швейцариялық компания кешенді сайысқа арнайы жасап шықты. 24 орынды қайық жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында көпшілік назарына ұсынылады. Оны Париждің шығысындағы Марна өзенінің бойымен 23 ескекші еседі. Олардың біреуі Олимпиада алауын алып жүреді. Бұл қайық ескек есу спортының жарыстарына қатыстырылмайды. Тек алау эстафетасын алып жүру үшін арнайы әзірленген.