Қазақстандық боксшылар Парижде дайындалып жатыр. Спорт жаңалықтары
Париж Олимпиадасында Қазақстан спортшыларына арнайы ғылыми топ қолдау көрсетеді. 15 маманнан бөлек, қосымша 67 жаттықтырушы да атлеттерге көмек қолын созады.
Ғылыми топ құрамына дәрігерлер мен психологтар және массаж мамандары енген. Жалпы Қазақстан командасына қызмет ететін адам саны спортшылардан көп. Биыл бапкерлер құрамасы мен дәрігерлерге басымдық берілді. «Бұл спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне әсер етеді», - дейді жауаптылар.
Парижде боксшылар да толық құрамда жүр. Қазір Мырзағали Айтжанов шәкірттері Олимпиада астанасында дайындықтарын пысықтап жатыр.
Рыбакина мен Бублик бірге ойнайды
Елена Рыбакина Париж Олимпиадасында жекелей сыннан бөлек, аралас жұптық жарысқа да қатысады.
Қазақстан теннисшісі Александр Бубликпен бірге микс бағдарламасында жүлдеге таласады. Бұл жайында Халықаралық Олимпиада комитеті хабарлады. Рыбакина Токио Олимпиадасында жекелей сында төртінші орын алған еді. Енді Парижде топжаруды көздейді.
Бублик ерлер арасындағы жекелей және жұптық жарыста ойнайды. Олимпиададағы теннис бәсекесі «Ролан Гаррос» кешенінде 27-ші шілде мен 4-ші тамыз аралығында өтеді.
Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына бір күн қалғанда 270 мың билет әлі сатылған жоқ. Бір апта бұрын 600 мың билет жалпы сатылымға шыққан. Олардың 300 мыңнан астамы өтіп кетті. Қалғанына сұраныстың болмауын сарапшылар Олимпиада ойындарына қызығушылықтың төмендеуімен байланыстырады.
Сонымен қатар билет бағасының қымбат болуы да кері әсер еткен. Бірақ ұйымдастырушылар бұған дейін билеттің 90%-ы, яғни 8 млн-нан астамы сатылып кепткенін мәлімдеді.
Садақ атудан ұлттық құрама көшпенділер ойындарына қызу дайындалып жатыр. Мергендердің оқу-жаттығу жиыны Алматыда өтті. Оған 12 адам қатысып, 10 спортшы іріктелді. Қалған екеуі қосалқы құрамда болады.
Дәстүрлі садақ атудан көшпенділер ойындарына 35 елден 300-ге жуық спортшы тіркелген. Астанадағы бесінші көшпенділер ойындарында 21 ойын түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Диас Ахметов, Садақ атудан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы:
- Дәстүрлі садақ ату қазақтың қанында бар спорт түрі болғандықтан міндетті түрде жеңіс тұғырынан көрінуіміз керек. Және қазір бұл спорт тек қазақ елінде емес, басқа елдерде өз дәстүріне кірген, сіңген спорт түрі.
Ажар Рахметқызы, спортшы:
- Айына 2 апталап оқу-жаттығу жиынында жүрміз. Таңертең 150 оқ, кешкісін 150 оқ. Жалпы оқу-жаттығу жиынында көптеген тәжірибе. Садағымды ауыстырдым. Өзіме қажетті оқты таптым.