Нұрбек Оралбай елге оралды
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай көп ұзамай келесі Олимпиадаға дайындықты бастайды. Бүгін боксшы елге оралды. Оны Астана әуежайында ата-анасы мен туыстары, достары мен жанкүйерлері қарсы алды.
Еске сала кетейік, Нұрбек Оралбай бокстан 80 келі салмақта өнер көрсеткен еді. Ол ақтық сында украиналық Александр Хижнякқа есе жіберіп, ІІ орынды иеленген. Осылайша, Нұрбек бокстан биыл ерлер арасында жүлде алған жалғыз спортшы атанды. Ал Олимпиаданың бас жүлдесін ол келесі жолы алып келем деп отыр.
Нұрбек Оралбай, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Енді бірінші Олимпиада болғаннан кейін оңай болған жоқ. Енді ол жаққа ешкім ұтылу үшін бармайды. Осындай ІІ орын бұйырып тұр екен. Мен Олимпиада ойындарына алтын медаль үшін барған едім. Енді бұл жолы бұйырмағаны келесі жолы бұйырады деп ойлаймын.
Асқар Еркебаев, бапкер:
- Осы Олимпиада бізге көп тәжірибе берді. Бәрі де мүмкін екеніне және де жігіттердің, барша құраманың деңгейі чемпион болуға күші жететінін көрсетті. Сондықтан біз қазір аз-маз демалып аламыз да, 1-2 айда кірісеміз.