Хабар телеарнасы

8 күннен соң Париж Паралимпиадасы басталады

Қазақстанның пара спортшылары ел тарихында сегізінші мәрте қатысқалы отыр. 1996 жылдан бері жерлестеріміз жазғы Паралимпиада ойындарында үздік нәтижеге қол жеткізген. 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған. Бұл жолғы бәсекеде 9 спорт түрінен 44 қазақстандық ел намысын қорғайды. Олардың дайындығы қалай?

Қазақстан Париж Паралимпиадасына 33 лицензия жеңіп алды. Спорттың 9 түрінен 44 спортшы бақ сынайды. Мемлекеттік туды волейболды отырып ойнау спортынан сынға түсетін Берік Ізмағанбетов пен пара нысана көздеуші Севда Алиева ұстап шығады. «Ал волейболды отырып ойнаудан дайындық ойдағыдай», - дейді команда капитаны Бауыржан Сартаев.

Бауыржан Сартаев, команда капитаны:

- Ұлттық құраманың дайындығы өте жоғарғы деңгейде. 28 жыл дегенде осы паралимпиадасына жолдама алып, жол жүргелі жатқан жайымыз бар. Паралимпиадасында негізгі қарсыластарымыз Франция, Египет, Босния командалары.

Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік рейтингте 75 елдің ішінде 6-шы орында тұр.

Бауыржан Тахауов, ұлттық құраманың бас бапкері:

- Ұлттық құраманың негізін Атырау облысы, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысының спортшылары құрайды. Токиода өткен Паралимпиадасының күміс жүлдегері. Ресеймен барып оқу-жаттығу ойынын өткіздік. Иранға, Бразилия бізге келді. Америкаға екі рет бардық.

Қазақстан спортшылары биыл алғаш рет пара үстел теннисінен Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды. Еліміздің намысын бұл сында Әли Мақұлбеков қорғайды. 10 пара дзюдошы Паралимпиада жүлдесі үшін татамиге шығады. Және бұған дейінгі Рио Паралимпиадасының қос чемпионы мен екі жүлдегері қатысады. Олар - Зүлфия Ғабидуллина, Давид Дегтярев, Нұрдәулет Жұмағали, Раушан Қойшыбаева.

Ержан Естаев, «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК директоры:

- Параканоэ, парадзюдо, пауэрлифтинг, пара жүзуден, пара жеңіл атлетикадан біз жүлделер күтеміз. Пара спортшыларымызға барлық жағдай жасалған.

Париж Паралимпиадасына әлемнің түкпір-түкпірінен 4,5 мыңға жуық спортшы қатысады.

Диана Қадыр, Бауыржан Ебелеков