Боксшылар Аммандағы Азия чемпионатына дайындалады. Спорт жаңалықтары
Париж Олимпиадасынан кейін бокс құрамасына жаңа бапкер келді. Қайрат Сәтжановтан тәлім алатын жігіттер Азия чемпионатына дайындалады. Құрлық біріншілігі Иорданияның Амман қаласында қарашаның аяғында басталады. Бұл сынға Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да қатысады. Ал оның сыңары Айбек енді ұлттық құраманың капитаны болады.
Бұл жайында Ұлттық құраманың бас бапкері мәлімдеді. Қайрат Сәтжановтың айтуынша, бірнеше боксшы салмақ ауыстыраған. Махмұд Сабырхан 54 келіде жұдырықтасады. Айбек Оралбай аса ауыр салмақта бағын сынап көреді. Қамшыбек Қоңқабаев 92 келіге түсуі мүмкін. Серік Теміржанов 60 келіде шаршы алаңға шығады.
Боксшылар 29-шы қыркүйекте халықаралық турнирге қатысады. Осы жарыстан кейін Азия чемпионатына баратын боксшылар тізімі анықталады.
Екі спортшымыз ушудан азия чемпионы атанды
Бексұлтан Қоскенов пен Ернұр Дәкібай ушудан Азия чемпионы атанды. Қазақстандық спортшылар Макао қаласындағы оныншы құрлық біріншілігінде топ жарды.
Кәрім Иминжанов финалға дейін жетіп, күміс медалға қол созды. Ал Ислам Иминов, Расул Тұрғанжанов, Карина Исмаилова және Жұлдыз Юлдашева үшінші орынға ие болды.
Шахмат олимпиадасының бесінші туры өтті
Мажарстан астанасы Будапештте шахматтан 45-ші олимпиада өтіп жатыр. Зияткерлік сайыстың бесінші туры артта қалды. Бұл кезеңде Қазақстандық ойыншылар тәуір нәтиже көрсетті. Біздің қыз-жігіттер Үндістан және Румыния командасымен шеберлік байқасты.
Блицте әлемнің екі дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева үндістандық қарсыласынан басым түссе, Ксения Балабаева тең ойнады. Меруерт Камалиденова мен Алуа Нұрман қарсыластарына есе жіберді. Ерлер арасында Қазыбек Нөгербек, Рамазан Жалмаханов және Денис Махнев қарсыластарымен ұпай бөлісіп, тең тарқасты. Команда сапындағы тағы бір ойыншымыз Алдияр Аңсат жеңіліп қалды.
Бес турдан кейін Қазақстан 8 ұпай еншілеп, 12-ші орынға жайғасты. Шахмат олимпиадасына 183 мемлекеттен команда қатысып жатыр.