«Қазақстан – Аргентина» матчының билеттері түгелімен сатылып кеткен. LIVE
Футзалдан Қазақстан құрамасы ширек финал аясында Аргентина командасымен жолығады. Матчқа билеттері түгелімен сатылып кеткен. Спорт кешені жанкүйерлерге лық толы. Бізбен дәл қазір «Хумо Арена» маңынан тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесім, Рауан Мыңбаев соңғы жаңалықтарды жеткізуге дайын. Матч қарсаңында қарбалас болып жатқан шығар. Құраманың дайындығы қалай?
Рауан Мыңбаев, тілші:
-Армысыз, әріптес! Ташкенттегі ойын көпшілік күткендей тартысты өткелі тұр. Әлем чемпионатының 1/4 финалы аясындағы кездесуге құрамалар сақадай сай. Ойынды алғашқы минуттан бастайтын жігіттердің есімі белгілі. Аргентина үлкен футболдағы секілді кіші аяқдоп бәсекесінде де азулы қарсылас. Әлем және Оңтүстік Америка чемпиондары атты атақ-даңқтары бар. Десе де, біздің құрама осал емес. 1/8 финалда олар жарыс фавориттерінің бірі болған Португалияны жарыс жолынан шығарды. Топтық кезеңде Испаниямен терезесі тең ойын көрсеткені тағы бар. Сонымен Өзбекстан астанасы осы күні футзал мерекесіне айналғандай. Әлемнің үздік құрамалары соңынан артынып-тартынып жанкүйерлер жеткен. Бүгін Хумо Аренада ине шаншар жер болмайды. Себебі 12 мың 500 орындық спорт кешеніне кіруге еш билет қалмаған. Осыншама орынның басым бөлігі қазақстандықтарға тиесілі. Қазақстандық жанкүйерлерді бұл матчқа еліміздегі футзал федерациясы, белгілі азаматтар, спорт журналистері, блогер, кәсіпкерлер бастап келді.
Нұрсұлтан Құрман, Қазақстан Футзал федерациясының вице-президенті:
-Ташкентке қазақ жанкүйерлері мыңдап жиналды. 12 мың орындық аренаға билет жоқ. Негізгі тобы осы жерге жиналып жатыр. Олар ұлттық құраманы жігерлендіреді деген ойдамыз. Жігіттер бабында. Кішігірім жарақаттар бар. Бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.
Біздің ел жанкүйерлері әлгінде ғана Ташкенттің орталығы арқылы стадионға дейін жүріп өтті. Қолдарына көк туды алып, жігерлі, жалынды сөздер арқылы бір-бірін қолдап жүр. Олардың қатарына өткен матчтарда спорт сүйер қауым қосылған. Енді Ташкентте құрамамыз жергілікті жұрттың да ыстық ықыласын сезінетін болады.