Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стенд атудан Азия кубогының иегері атанды. Спорт жаңалықтары
Соня Жиенбаева Мадридте ITF World Tennis Tour турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақстан теннисшісі финалда Ұлыбританиялық Элис Гилианнан 6:1, 5:7, 6:1 есебімен басым түсті. Жерлесіміз ересектер арасындағы екінші жүлдесіне қол жеткізді. Жиенбаева бұған дейін Анталиядағы жарыста топ жарған болатын.
Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стенд атудан Азия кубогының иегері атанды. Құрлық жарысы Алматы облысында өтті. Мергендер сайысының соңғы күні скит бағдарламасында аралас жұптық сындағы жеңімпаздар анықталды. Қазақстан құрамасы сапында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко ең үздік нәтиже тіркеп, кубокқа қол созды. Күміс Қатар спортшыларына бұйырса, қола жүлдені Жапония және Брунией командалары өзара бөлісті. Жалпы Қазақстан құрамасының спортшылары құрлық жарысында бес алтын, 1 күміс, 2 қола ұтып алды. Біздің қыз-жігіттер скит бағдарламасында жекелей және командалық сында жеңіске жетті. Жасөспірімдер де бас жүлдені ешкімге ұстатпады. Азия кубогына 14 елден 200-ден аса спортшы қатысты.
«Ақтөбе» футболшылары Қазақстан кубогының иегері атанды. Финалда олар «Атырау» командасынан басым түсіп, кубокты екінші мәрте еншіледі. Батыс дербиі Алматының орталық стадионында өтті. Матч Жайық жағасынан келген жігіттер үшін сәтті басталған. Ойынның 24-ші минутында беларусь футболшысы Николай Сигневич есеп ашып, «Атырауды» алға жетеледі. Кездесудің соңғы минуттары сырғып жатқанда Игорь Леонов шәкірттері таразы басын теңестірді. Төреші «Атырау» қақпасына он бір метрлік айып добын белгіледі. Әлібек Қасым пенальтиден мүлт кетпеді. Голдан қуат алған «Ақтөбеліктер» тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, жеңіс добын соғып кетті. Фредди Гондола матчқа нүкте қойды. «Ақтөбе» келесі жылғы Еурокубокқа жолдама алды.
«Астана» баскетболшылары жаңа маусымды сәтсіз бастады. Қатарынан үш ойында жеңілген жерлестеріміз ВТБ Бірыңғай лигасында көш соңында қалып қойды. Елорда командасы Пермь қаласына қонаққа барып, жергілікті «Парма» клубымен алаңға шықты. Алғашқы екі тайм тең өрбіді. Сәл ғана басымдықпен орыстар алда тұрды. Қарсыластар үзіліске 34:38 есебімен тарқасты. Сосын біздің жігіттер білгенінен жаңылды. «Парма» баскетболшылары нәтижелі ойын көрсетіп, 95:63 есебімен жеңіске жетті. «Астана» келесі турда Мәскеудің ЦСКА клубын қабылдайды. Матч 2 қазанда өтеді.
Жәнібек Әлімханұлы WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы доминикандық Карлос Адаместі жекпе-жекке шақырды. Қазақ жігіті әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырып, қарсыласына үндеу жолдады. «Маған ақша маңызды емес, атақ маңызды. Чемпиондар бір-бірімен кездесуі керек. Менің Австралиядағы жекпе-жекте қанша сыйақы алатынымды бәрі біледі. Карлос мен 4 қазан күні Сиднейде жұдырықтасамын. Кейін сенен келісімшарт күтемін. Қаңтар мен ақпанда айқас ұйымдастырайық», - деді Әлімханұлы. Жәнібек қазір WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы саналады. Ал Карлос Адаместе WBC ұйымының алтын белбеуі бар. Қазақ жігіті орта салмақтағы барлық белбеуді ұтып алуды армандайды. Жерлесіміз алдағы сенбіде жаңа зеландиялық Андрей Михайловичпен шаршы алаңға шығады. Сиднейдегі бокс кешінде Жәнібек жеңіске жететініне сенімді. Сондықтан келесі кездесуін Карлоспен өткізуді көздейді.
Авторы: Қанат Базылхан