Хабар телеарнасы

Қазақ күресі Оңтүстік Кореяда насихатталды. Спорт жаңалықтары

Қазақ күресі жаһандық форумда көрсетілді

Қазақ күресі Оңтүстік Кореяда насихатталды. Жаһандық жекпе-жек форумында Армат Есқазиев, Ерсін Сейтқазинов, Назерке Азаматова және Рауза Нұрмұхамбетова 12 елдің өкіліне қазақ күресінің негізгі әдістерін көрсетіп, белдесу өткізді.

Спорт жиыны Чхунджу қаласындағы ЮНЕСКО жекпе-жек орталығында өтті. Іс-шарада жұрт қазақ күресінен бөлек, садақ ату, жамбы ату және аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлерімен де жақын танысты. Қазақстандық делегациямен кездесуде жекпе-жек орталығының бас хатшысы Ким Гю Жик біздің елмен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.

Ким Гю Жик, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық жекпе-жек орталығының бас хатшысы:

- Әр елдің дәстүрлі жауынгерлік өнері – тарих пен мәдениетті сақтаушы маңызды мәдени мұра. Қазіргі уақытта біздің орталық Орталық Азияның жауынгерлік өнеріне терең зерттеу жүргізде және бұл Қазақстанның дәстүрлі жауынгерлік өнерінің дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Біз сіздің еліңізбен достық қарым-қатынас жалғасады және болашақта бірлескен жобалар болады деп сенеміз.        

Рустам Мұзафаров, ҚР Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары:

- Біз үшін қазақ күресінің  сақталуы өте маңызды. Бұл мәселемен дәл осы ЮНЕСКО қарауындағы жауынгерлік өнер орталығы айналысады. Сондықтан бұл ұйым арқылы біз өз өнерімізді, спорттық жетістіктерімізді насихаттауға мүмкіндік аламыз.

Әбу-Даби қаласында дзюдодан әлемдік гранд-слэм жарысы аяқталды. 33 мемлекеттен 236 балуан қатысқан татами бәсекесінде Қазақстан құрамасы үш қола медальға ие болды.

Әйелдер арасында ең жеңіл салмақтағы Әбиба Абужақынова үздік үштіктен көрінді. Ерлер арасында 60 келі салмақта қола жүлде үшін қос қазақ күресті. Дәурен Сүйеукенов Мағжан Шамшадиннен басым түсіп, үшінші орынға табан тіреді. Әйелдер арасындағы аса ауыр салмақта Назгүл Маратова көзге түсті. Қазақ қызы алғаш рет Grand Slam турнирінде жүлде алды.

Қанат Базылхан