Алматыда шайбалы хоккейден Азия біріншілігі басталды. Спорт жаңалықтары
Алматы шайбалы хоккейден Азия біріншілігі басталды. Құрлықтық доданы оңтүстік астанамыз алғаш рет қабылдап ортыр. Халықаралық хоккей федерациясының күнтізбесіндегі жарысқа айдын иелерінен бөлек, Жапония мен Оңтүстік Корея және Қытай құрамалары қатысуда. Байрақты бәсеке қарашаның 6-сы мен 9-ы аралығында Halyk Arena мұз сарайында өтеді. Олег Болякин баптайтын ұлттық құрама жігіттері жарысқа жан-жақты дайындық жүргізді. Ұлттық құраманың алға қойған мақсаты – Азия чемпионы атану. «Бұл жарыс барлық командалар үшін алдағы жылдың ақпан айында Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқа Азия ойындарына негізгі дайындық болып есептеледі»,– дейді мамандар.
Алматыда 15 жасқа дейінгі баскетболшылардың күзгі ел біріншілігі аяқталды. Еліміздің әр өңірінен келген 15 команда алдымен топтық турнирде бақ сынап үздік шыққан төрт команда жүлделі орындарды өзара сарапқа салды. Алдымен қола жүлде үшін Қарағанды мен Атыраудың Барсы командалары кездескен болатын. Сарыарқа баскетболшылары тартысты ойында табандылық танытып, 70-те 54 есебімен жеңіске жетті. Ал бас жүлде үшін Алматы мен Шымкенттік өрендер шеберлік байқасты. Бастапқы кезеңде алаң иелерінің қарқыны күшті еді. Уақыт өте келе шымкенттіктер тізгінді қолғап қарсыластарынан ұзай берді. Матчтың қорытынды нәтижесі 61-де 31 Оңтүстік өрендері ел чемпиондары атанды.
Доха қаласында таэквондоның олимпиадалық бағыты бойынша халықаралық турнир өтті. Нәтижесі көңіл қуантады. Қазақстан ұлттық құрамасы ересектер арасында 8, ал жастар арасында 5 алтын иеленіп, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Тамерлан Тілеулес пен Нұрбек Ғазез, Бекарыс Бекенов пен Әбдірахман Маримовтар ересектер арасында жеңімпаз атанса, қыздар сынында Мария Севостьянова мен, Нұрай Бауыржанова, Нұрай Құсайынова мен Назым Махмұтова чемпион атанды. Ал жастар арасында Ұлықбек Торабеков пен Шахризода Акрамова, Нұргүл Сералиева мен Нұрай Амангелді алтыннан алқа тақты. Бұдан бөлек ересектер сапында 4 күміс және 9 қола жүлдегер болса, жастар 8 күміс алды. 6 спортшымыз үздік үштікті түйіндеді.