Елімізде насихатталып жүрген 180 спорт түрі 60-қа дейін қысқартылады
Елімізде тіркеліп, насихатталып жүрген 180 спорт түрі 60-қа дейін қысқартылады. Бұл үшін мониторинг тобы құрылып, талдау жүргізіледі. Себебі барлығын дамыту үшін қыруар күш пен қаржы жұмсалғанымен, қуантарлық нәтиже аз. Бұл туралы бүгін Мәжілісте айтылды. Тиісті министрлік әзірлеген құжатқа сәйкес, енді бұдан былай халықаралық жарыстарда жетістіктері көп деген спорт түрлеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ спорт федерацияларын аккредиттеу тәртібі де өзгертілмек. Мұндай талап республикалық, облыстық және жергілікті федерацияларға тікелей қатысты болады. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-180 спорт түрін тіркеген министрлік, сол спорт түрлеріне ақша бөліп беруге мәжбүр. Қазақстанда жоғарғы жетістіктер спортына жылына 775 млн доллар бөлінеді екен. Енді менің сұрағым, осы заң қабылданғаннан кейін спортқа Қазақстанда қанша қаражат бөлінеді және сол қаражат қаншаға қысқарады?
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
-Заң қабылданғаннан кейін қаржыландыру жалғасады. Алайда қаражат ұлттық, олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада, Азия, параАзия ойындарына кіретін спорт түрлеріне және жоғары нәтиже көрсеткен басым спорт түрлеріне бағытталатын болады. Сондай-ақ бүгінгі күні спорт мектептеріндегі қаржыландыру мәселесі бойынша біз жан басына шаққанда мына нормативті біз осы екінші оқылымға дейін осыны талқылап, өздеріңізбен әрі қарай шешетін боламыз.