Алматы облысында ұлттық ат спорты түрлерінен өңірлік чемпионат аяқталды
Алматы облысында ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасындағы өңірлік чемпионат аяқталды. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған бұл жарысқа 2005-2007 жылдар аралығында дүниеге келген 200-ге жуық спортшы қатысты. Олар көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу бойынша күш сынасты. 7 команда арасында өткен көкпар ойынында Қарасай ауданының көкпаршылары чемпион атанды. Бұл құрама ақтық кездесуде Райымбек ауданының көкпаршыларынан басым түсті. Аударыспақта Райымбек ауданының Қайрат Абдусабыр, Сәрсенбай Сұлтанбек, Алмас Төкенұлы, Әділет Обылжан сияқты білекті де, тақымы тастай мықты жігіттері өз салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеді. Жамбы ату бойынша Кеген ауданының түлегі Мадияр Шәріпбай теңге ілуде Еңбекшіқазақ ауданының спортшысы Нұрәлі Ерсін өңір чемпионы атанды. Жалпыкомандалық есепте Райымбек ауданының өрендері бірінші орынға, ал Кеген ауданының жастары екінші орынға ие болды. Үшінші орын Ұйғыр ауданының түлектеріне бұйырды.
Елдос Тілеубалдиев, өңірлік ұлттық ат спортын және спортты дамыту дирекциясының директоры:
-Тәуелсіздік күніне орай Алматы облысының ұлттық ат спорты түрлерінен іріктеу чемпионаты болып жатыр жастар арасында. Бұл дегеніміз, келесі жылғы бұйырса ҚР чемпионатында өнер көрсететін құрама команданы, сол бойынша жастарды іріктеп аламыз қазір. Қазір жақсы Алматы облысының ұлттық спортқа деген көзқарасы, дамуы үздік үштікте жүр деп айта аламыз.