Хабар телеарнасы

Балалар футболын дамытуға баса көңіл бөлінеді

Қазір кәсіби клубтар жанындағы орталықтардан өзге, спорт мектептерінің сапасын арттыру қолға алынды.

Жас футболшыларды дайындау ісіне қаржылай қолдау көрсету әдеттегіше әкімдіктер құзыретінде. Дегенмен жаттықтырушыларды оқыту, біліктілігін арттыру, ойын алаңдарының инфрақұрылымын жақсартуды Футбол Федерациясы іске асырмақ.

Атыраудағы бұл спорт мектебіне 80-ге жуық бала келіп жүр. Әсіресе футболға құмар оқушылардың саны басым. Олардың жаттығуы, жарыстарға шығып бақ сынауы және өзге де қажеттіліктері үшін қолдау бар. Бірақ жомарт кәсіпкерлердің көмегі қажет кездер де болады.

Еламан Ташуов, №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

- Футболға не керек, сол заттың бәрі бізге жыл сайын жаңартылып  беріліп жатыр. Киім-кешекке енді біздер өзіміз ата-анамен келісіп, бір арзандау жерлерден аламыз. Бірақ енді ФОК берілетін кезде бізге айтады: осындай кезде бар, келіп алып кетіңдер деген сияқты.

Ал мынау Астанадағы №8 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі. Мұнда мың бала жаттықса, оларға 35 бапкер дәріс береді. Футболға құмар жасөспірімдер үшін барлық жағдай жасалған. Кең әрі жайлы алаңда доп теуіп жүрген балалардың ынтасы да жоғары.

Мырзатай Бөріш, спорт мектебінің тәрбиеленушісі:

- Мен болашақта футболшы болғым келеді. Менің кумирім – Дэвид Бекхэм. Мен Д.Бекхэмнің айып тобын қарауды өте жақсы көрем. Оның айып доптары әрбір жерден соға алады.  

Бауыржан Жұмабай, бапкер:

- Инвентарь барлығы бар. Азанда, кешке жаттығулар өтеді. Күнде болады тренировка. Сенбі немесе жексенбі күндері ойын болады. Балалар бір-бірімен ойнап, жаңағыдай жаттығуда жасаған нәрселерін ойында көрсетуге тырысады.

Бұл мектептің бір түлегі бүгінде Қазақстан құрамасының сапына енсе, енді бірі жастар тобында өнер көрсетеді. Бапкерлер құрамы үздік футболшылар дайындау үшін дәріс берудің сапасын арттырып, ойыншылар деңгейін көтеруді міндет етіп қойған. Сондықтан республикалық және халықаралық додаға да қатысуды жиілетіпті.

Еркебұлан Жомарт, «№8 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ директоры:

- Біз көбінесе айтамыз ғой балалар, жасөспірімдер деңгейінде еліміздің командалары бәсекеге қабілетті деп, бірақ үлкен футболға барған кезде айырмашылық білініп қалады. Шеберлік жағынан, жылдамдық жағынан. Осы бастан балаларды үйретіп, болашақта ел намысын қорғайтын, мықты-мықты «Европа» клубтарында ойнайтын балаларды тәрбиелеу басты мақсат.

Қазақстан Футбол Федерациясы өкілдерінің айтуынша, балалар футболы елеусіз қалмайды. Кәсіби клубтар жанындағы академия жастарын қолдау үшін УЕФА-ның арнайы нұсқауы бар. Білім басқармаларына қарайтын спорт мектептеріне жергілікті билік тарапынан жүйелі қолдау қажет. Әсіресе қаржы бөлуді қарастыруы керек. Ал федерация тарапынан әдістемелік қолдау көрсету артады. Бүгінде ел бойынша футбол мектептерінде доп тебетін бала саны 100 мыңға жуықтаған.

Қайсар Бекенов, Қазақстан Футбол Федерациясының басқарушы директоры:

- Кәсіби клубтар арасында өздерінің академиялары бар. Сол академиялар арқылы 9 мыңға жуық адам сол жақта қатысады. Жеке академияларда 40 мыңнан астам спорт мектептері бар. Оларда 40 мыңдай адам қатысады. Бір жағынан бапкерлерді оқытамыз, біраз лицензиялар тапсырылады және жарыстар өткіземіз. УЕФА-ның программалары бар, біздің федерацияның програмаммалары бар. Сондықтан балаларды ұмытып, өз-өздерін қалдырмаймыз.

Биыл ел бойынша 7 футбол алаңы пайдалануға беріледі. Жасөспірімдер арасында бірнеше чемпионат өткізу жоспарланған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов