Хабар телеарнасы

Енді легионерлер мемлекет есебінен қаржыландырылмайды

Қазақстанда енді легионерлерге бюджеттен 1 тиын да төленбейді. Біздің елмен жұмыс істегісі келсе, азаматтық алуы тиіс немесе спорт клубы оларды жеке қаражатымен асырауы қажет. Мәжіліс депутаттары тиісті заңды мақұлдап, Сенатқа жолдады. Оған сәйкес, спорт саласында қаржыны бейберекет жұмсауға жол берілмейді. Құжатта тағы қандай өзгерістер бар?

Заң бойынша ең алдымен осыған дейін қаржыландырылып келген саны бар, сапасы жоқ спорт түрлері қысқарады. Қазір жалпы тізімде Үкіметтен ақша алып отырған 180-нен астам спорт түрі бар екен. Бірақ 60%-і – олимпиадалық емес спорт түрлері. Енді олардың қатары 3 есе азаяды. Осылайша алдағы жылдан бастап тек 65 спортқа мемлекеттен қаржы бөлінеді.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көршіміз Өзбекстан 17-ақ спорт түріне ақша бөледі. Норвегия, Швеция сияқты дамыған елдер 15 спорт түрлеріне ғана шамамен қаражат бөледі. Бұл сұмдық. Сондықтан осы спорт түрлерін қысқарту туралы талап қойдық. Қалай қысқарттық? Біз заңнын ішіне жоғары жетістіктер спорт түрлері деген түсінікті енгіздік. Енді жоғарғы жетістік спорт түрлері ішіне олимпиада, параолимпиада, сурдлимпиада, азиада, паразиада және ұлттық спорт түрлерінің бағдарламасына кіретін спорт түрлері ғана енеді. Бітті. Қалғандары мүлдем болмайды.

Бюджет қаражатын миллиондап жеп жатқан тағы бір бағыт бұл – легионерлер қауымы. Спорт клубтарының шет елдерден үкілеп әкелген спортшылары үмітті ақтасын, мейлі ақтамасын, олардың әрқайсына ай сайын бірнеше миллион теңге айлық төленіп отырады. Одан бөлек тамағы мен тасымалына, жатын орындарына кететін шығын тағы бар. Мәселен, Қазақстандағы 13 футбол клубы өткен жылдың өзінде мемлекеттен 27 млрд теңге алған. Олардың біраз бөлігі сол сырттан келген споршыларға жұмсалғаны даусыз.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

- Әрине, бұндай өзгерістер отандық спортта болып жатқан реформалар көпшілікке, әсіресе осы саланың өзінің жеке меншігіндей көріп алған және әбден май шелпекке айналдырып алғандарға ұнамауы мүмкін. Десе де бұл заманның, уақыттың талабы. 30 жыл бойы қордаланған мәселелер бар. Соларды халық қалаулары, депутаттар, жұмыс тобының өкілдері барынша қамтуға тырысты.

Тағы бір жағымды жаңалық ерекше жандарға қатысты. Енді параспортшылардың жанында жүретін көмекшісіне де бюджеттен ақша төленеді. Нақтырақ айтсақ, бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшының жарысқа барып келгенше қасынан бір елі қалмай, жол бастап жүретін қызметкері болады.

Бұдан бөлек жалпы Заң жобасында ұлттық спортты дамыту, спорттық медицина мен спорт ғылымы әлеуетін арттыру сынды өзгертулер мен толықтырулар бар. Сенатқа жолданған құжатты жоғарғы палатының депутаттары да қолдаса, Президенттің қол қоюына жіберіледі.

Дамир Берікұлы, Самат Оспанов