Нұрай

Нұрай

Ауыл шаруашылығыдағы бірқатар қызмет цифрлық форматқа көшті

Қазақстанда Ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар қызмет цифрлық форматқа көшті. Енді субсидия алу, ауыл шаруашылығы жануарларын туған сәтінен бастап союға және етті өткізуге дейін сәйкестендіру және қадағалау, фитосанитариялық және ветеринариялық сертификаттар беру, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мониторингі, сондай-ақ, балық және су ресурстарын есепке алу цифрлық форматта қолжетімді болады. Алдағы екі жылда өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қадағалануын және ауыл шаруашылығы жерлерін басқаруды қамтамасыз ететін жаңа жүйелерді іске қосу жоспарланып отыр. 2028 жылдың соңына дейін салалық ақпараттық жүйелерді бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру көзделген.

«Жекпе-Жек Айтыс» аламаны басталады

Елдің өткенін таразылап, бүгіннің үдесінен шығатын «Жекпе-жек айтыстың» дүбірі қайта естілді. Алғашқы санында сынға түсетін Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілеп-алды. Қос ақын тарихтың тереңіне бойлап, Алтын Орданың елдік мұрадағы орнын сөзбен өрнектейді. Он жылға жуық үзілістен соң, үлкен додаға қайта оралған Бибігүл Тілеп-алды мен айтыс сахнасының ысылған жүйрігі Мақсат Аханов айтыс алдындағы әсерлерімен бөлісті.

Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілепалды тарих қойнауына сапар шегіп, «Алтын Орда – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі» деген тақырыпты тарқатады. Ұлы далада дәуірлеген Алтын Орданың елдік тарихымыздағы орнын, мемлекеттік сабақтастығын сөз етеді.

«Мынау отырған қауым көрерменнің тең жартысы дерлігі жеңімпаз Мақсат Ақанов болса екен» деп сонау басқа қалардан келіп, сіз үшін тілек тілеп, тілеулес болып жатқандар бар. Оларға қатысты не айтасыз?

Мақсат Аханов, ақын:

- Айналып кетейін, бала-шағаларының қызығын көрсін, сол дегендеріне жетсін. Бізге сол кісілердің жасын берсін!

 Бибігүл Тілепалдының да айтыс алды көңіл күйін сұрадық.

 Үлкен айтысқа қанша уақыт салып оралып жатырсыз?

 Бибігүл Тілепалды, ақын:

- 10 жылдай декреттік демалыста болдым. Оша қасында 2 бала тәрбие-тәлімімен айналысып, араға 10 жыл салып қайтадан ақырындап оралып отырмын.

Жанарбек Әшімжанов, ақын, журналист:

- Ең әуелі «Хабар» агенттігінің басшылығына, жобаның маңындағы азаматтарымызға алғыс айтқым келеді. Мемлекет басшысы негізі ұлттық өнерді дәріптеуге қатысты уәкілетті органдардың алдына нақты міндеттер қойды. Соның бірі деп есептеймін. «Жекпе-жек айтыс» экран арқылы жүріп жатқан ауқымды жоба.

Жүрсін Ерман, Қазақстанның  Халық жазушысы, ақын:

- Жекпе-жек айтыстың ерекшелігі бәрі жоғары деңгейде өтті. Бұдан басқа ерекшелік болмайды ғой. Алда сондай биік деңгейден көрінсін.

Сонымен, жекпе жек айтыстың жеребе қорытындысы бойынша: Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілепалды, Шалқарбай Ізбасар мен Мейірбек Сұлтанхан, Ұларбек Минатхан мен Жансая Мусина, Дидар Қами мен Біржан Байту, Бексұлтан Орынбасар мен Нұрбол Жауынбаев, Иранғайып Күзембаев пен Жұлдызбай Маратбекқызы, Аспанбек Шұғатай мен Арғынбек Қалбаев, Дәурен Ақсақалов пен Айым Асылбекқызы қарсылас атанды.

 Ал «Жекпе-жек» айтыстың алғашқы жұбы Мақсат Аханов пен Бибігүл Тілепалдының айтысын 12 қыркүйек күні 14:30-да «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар!

Авторы:Сымбат Сағындық, Бағдат Қайыркен «Хабар»

Үш тілді меңгерген Сәтбаев тұрғыны облыстық байқауда топ жарды

Сәтбаев қаласының тұрғыны, Евгений Соколовский қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, Абай мен Мұқағали жырларын жатқа оқиды. Қазақша ән де шырқайды. Жас маман қазір қалалық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек етеді. «Тіл білгенімнің арқасында жұмыста қиналмаймын», - дейді Евгений Соколовский. Ол қала мектептерінде жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу жұмыстарына жауапты, тіпті қазақ сыныптарында ағылшын тілінен сабақ береді.

Евгенийдің ұлты - орыс, мамандығы - ағылшын пәні мұғалімі. 3 тілді меңгергенімен, «Жаныма жақыны қазақ тілі», - дейді. Оның айтуынша, қазақ тілін үйренуге араласқан ортасы әсер еткен. Осының арқасында жас маман қазірдің өзінде жауапты қызмет атқарып жүр.

Евгений Соколовский, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Адамдар арасында, достар арасында ақырын-ақырын қазақ тілінде сөйлеп жүрдім. Қалай дұрыстап айту керек екенін үйрендім. Бірақ әрине көп қателер болды. Менің ойымша Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Біздің білім бөлімінде бүкіл жұмыс қазақ тілінде, әртүрлі хаттарды осы тілде жазып жүрмін. Мектептерге әдістемелік нұсқаулық хаттар беремін.

Евгений «Тілді меңгеру үшін ең алдымен ниет пен сол тілге деген сүйіспеншілік болуы керек»,- дейді. Қызметтен қолы қалт еткенде ол тіл байлығын дамыту үшін көркем шығармалар оқиды. Соның арқасында ұлттық өнер мен әдебиетке қызығушылығы артқан.

Евгений Соколовский, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Бос уақытымда қазақ тілінде кітаптар оқимын. Әндер айтамын. Біздің қазақтың жазушылары: Мұқағали Мақатаев,Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин шығармаларын жақсы білемін.

Евгений Соколовкий негізгі жұмысынан бөлек, мектепте қазақ сыныбына ағылшын пәнінен сабақ береді. Түрлі әдеби және мәдени шараларға тұрақты қатысады. Мақсаты мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу. Оның бұл қасиетін әріптестері де жоғары бағалайды.

Айсұлу Шакина, Е. Соколовскийдің әріптесі:

- Бізбен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Тілімізге деген құрметі ерекше екенін байқаймыз. Ізденіп отырады. Мысалы, жазылған хаттарды, ақпараттарды сауатты беруге тырысады. Жазған жұмысын қайта қайта қарап бірнеше рет тексеріп барып жібереді.   

Евгений қазір әріптестерімен бірге мектептегі жасанды интелект тілін қазақшалау, оны оқу бағдарламасына енгізу жұмыстарын жетілдіріп жүр. Жас маманның еңбегі бағаланып жақында «Тіл шебері» деп аталатын облыстық байқауда жеңімпаз атанды.

Авторы: Елдос Какенов, Гүлшаһар Серікбаева

Маңғыстаулық Бисемағанбетовтер әулеті «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарды

Елімізде 6 млн 200 мыңнан астам отбасы бар. Президент еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керектігін айтты. Отбасы құндылығын арттыру мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Соның бірі - «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауға 20 мыңнан астам жанұя қатысты. 

Маңғыстау облысының Жармыш ауылында тұратын Бисемағанбетовтер әулеті еңбекті өмірінің өзегіне айналдырды. 84 жастағы Аманғали ата жастайынан әкесіне қолғабыс етіп, шаруаға араласыпты. Мал шаруашылығы саласында 40 жыл қажырлы еңбек еткені үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Жұбайымен бірге 10 перзент тәрбиелеп өсірді. Сол балаларынан ьараған ұрпағы бүгінде ата кәсіпті жалғап жүр. Бисемағанбетовтер әулеті биылғы жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды.

Аманғали Бисемағанбетов, еңбек ардагері:

- 1968-ші жылдан бастап шаруаға айналдым. Сол кездің совхоз директоры мал шаруашылығына бір отар қой берді. «Бақсаң қор болмайсың» дегендей қылды. Айтқанын орындадым, мал басын өсірудегі 100 аналықтан 130-ға дейін төл өсіріп, қостым. Кейін әйеліме үйлендім. Ол да шаруаның қызы, аты-жөні - Шәңкеева Күнжарық болады. Шаруада жүріп бұл кісі 5 ұл, 5 қыз өсірді. Солардан өсіп-өнген 41 немерем бар, 11 шөберем бар. 

Мырзабек Аманғали, А. Бисемағанбетовтің немересі:

- Мен шопан болғым келеді. Әкелерім тәрізді мал шаруашылығын дамытқым келеді. Қазақ болған соң мал бағу керек деп ойлаймын. Кейін жемісін береді ғой.

«Мерейлі отбасы» осындай өнегелі отбасыларды дәріптеп, түрлі салада еңбек ететін азаматтарды елге таныстыратынатын ұлттық жоба. Биылғы жылғы конкурсқа 3 611 өтінім түскен. Қатысушылардың 60% ауылдық жерлерде тұратын отбасылар, 20 жеңімпазға диплом, ерекшелік статуэткасы және 1 млн тг көлемінде қаржылай сыйлық беріледі. Жеңімпаздар қазан айында Республика күні қарсаңында Астана қаласында марапатталады. 

Таңшолпан Ерманова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасы саясатын үйлестіру басқармасының басшысы:

- Байқаудың басталғанына 10 жылдан асты ғой, 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Конкурс 2 кезеңнен тұрады: аудандық, қалалық және облыстық. Әр өңірден жеңімпаз бір отбасы республикалық марапаттауға жіберіледі. Биыл конкурсқа 3611 өтінім келіп түсті. Негізгі мақсаты – отбасы интитутын нығайту, жауапты ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру және қоғамда үлгілі отбасыларды дәріптеу.

Жаңа Ата заңның 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілді. 2026 жылғы наурызда елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бұл шаралардың барлығы отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғау, демографиялық саясатты жетілдіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылардың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу ретінде қолға алынып отыр.

 Авторы:Құралай Жұмахан, Мейрамбек Қайыргелі

Павлодарда Мұз кешенін салуға ₸19,9 млрд бөлінді

Павлодар қаласындағы көп-функционалды Мұз спорт сарайын салуға 19, 9 млрд тг бөлінді. Кешеннің жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі.

Ақтөбеде 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион салынып жатыр

Президент тапсырмасына сай, Үкімет өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына көңіл бөлінді. Тек Ақтөбеде жаңа футбол стадионын салуға 6 жарым млрд тг қаражат жұмсады. 35 мың көрерменге арналған заманауи нысан қаланың батыс бөлігінде ауданы 25 гектар болатын аумақта салынып жатыр. Кешенде жас спортшылар даярланатын болады. Стадион УЕФА-ның 4-ші деңгейінің талаптарына сәйкес жобаланғанды. Жаңа нысан салу қажеттілігінен туындап отыр. Қолданыстағы стадион 1975 жылы салынған және оған 13 мың көрермен сияды. Ал кейде ойындарды көру үшін келетіндердің саны бұдан үш есеге дейін көп болады.

Абзал Әбдікәрімов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары

- Құрылыс жұмыстары биыл басталып, үш кезең бойынша жүргізіледі. Үкімет резервінен бөлінген 6,5 млрд тг жұмыстың бірінші кезеңіне бағытталады. Нысанды 2028 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. СКЛ Жаңа аренада ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізу болады. Бұл стадионды футбол матчтары өтетін күндері ғана емес, тұрақты түрде пайдалануға мүмкіндік береді.

Президент Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын орденмен марапаттады

Президент VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын  марапаттаған рәсімінде: «Көшпенділер ойындарының  нәтижесі әділ болды», - деді. Қазақстандық спортшылар жиыны 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі алтынды қанжығасына байлады. Осылайша дүниежүзілік додада топ жарып, бірінші орынды иеленді. Қасым-Жомарт Тоқаев рухты жеңіс үшін алғыс айтып, ел намысын қорғаған спортшыларды «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. 

Сағыныш Әбікей, тілші:  

- Әр жеңістің артында ұзақ жылғы дайындық, табандылық пен тынымсыз еңбек тұр.  Салтанатты шарада үздік спортшыларымызға мемлекеттік наградалар мен арнайы марапаттар табысталып жатыр. 

Бүгін Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алғандардың бірі – Аяш  Қабдолаева, ол дәстүрлі садақ атудан Көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Жеңіске жеткен сәтіндегі оның көз жасына көрермен куә болды. «Бәрі мүмкін», - деп сұрмергеннің жүзі бал-бұл жайнады. Әйтпесе «50-ді еңсергенде чемпион атанамын» деп ойламағаны анық. 

Аяш Қабдоллаева, VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері: 

- Президенттің қолынан марапат алу бұйырыпты. Күтпедім. Оның үстіне жас емеспін, 50 жасқа жетіп, жеңіске жетем деп ойламадым. Медальдің екі жағы болады. Бір жағы марапат, екінші жағы қажырлы еңбек,дайындыққа кеткен уақытымызды айта аламын. Мен өзім бұған дейін ешқандай спорт түрімен айналыспағанмын. Мұғаліммін, қазір Жастарды дамыту орталығында жұмыс істеймін.

Қырғызстан да өткен бұл сайыста Ұлттық құрама жалпы есепте  32  алтын алып, бірінші орынға шықты. Доданың соңы тіпті дауға айнала жаздағаны да бар. Алайда спорт халықтар арасына сызат түсірмеуі тиіс, керісінше өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайтуымыз керек. Оның үстіне қазақ пен қырғыз - бауырлас халық. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет. 

Осы жиында президент тағы бір маңызды мәселені қозғады. Ол өркениетті қоғам құру жолында даңғазалыққа жол бермеу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады.

Бүгін президентпен кездескендердің бірі тоғыз жастағы – Әлижан  Мансұр. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында «Құнан бәйге» ұлттық ат спорты бойынша  үшінші  орын иеленіп, қола медальға қол жеткізді. Кішкентайынан ат құлағында ойнайтын оның енді арманы бар: Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы атанғысы келеді. 

Әлижан Мансұр, VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері:

- Менің аты-жөнім – Мансұр  Әлижан. Алматы  облысы, Жамбыл  ауданы, Тарағап  деген ауылда  тұрамын.  Құнан бәйгеден 3-ші орын алдым, аламаннан 5-ші орын алдым. Президентпен кездескеніме қуаныштымын. Арманым үй алып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары чемпионы болғым келеді.

Бұл жеңіс спортқа бөлінген көңіл мен көмектің нәтижесі деп айта аламыз. Соңғы 7 жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды,  бірқатары жөндеуден өткізілді.  Спорт  мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты.  Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Бұл мақсатқа 50 млрд тг бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 млн-нан асты. Көрсеткіш халқымыздың жартысына жуығы болып отыр. 

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Шынымен де бұл біздің спортшыларымызға үлкен рух берді, олардың қаншама жылдық еңбегі мына жерде ақталып жатыр. Бұл ұлттық спорттың дамуы үшін міндетті түрде үлкен серпін болады. Ұлттық спорт  Мемлекет  басшысы тапсырмасы аясында олимпиада спорт түрлеріне теңелген, бұл біздің елде мұндай заңнама бірінші рет деп ойлаймын. Ұлттық спорт деген біздің атадан балаға мұра болып қалған. Оның ішінде тәрбие, мәдениет бар. Мемлекет басшысы айтқандай «Қайсар мінезімізбен, жігерлікпен бірге мәдениетті, тәрбиелі болуымыз керек» деген тапсырма есімізде болсын.

Чемпион болу –  үлкен жеңіс. Бірақ Президент айтқандай «Нағыз чемпионның биіктігі тек медальмен өлшенбейді. Оның жеңісі күнделікті өмірдегі мәдениетімен, әдемі әдебімен де бағалы бола түспек»

 Авторы:Сағыныш Әбікей

Қазақстан көші-қон саясатын толық цифрландыруға көшті

Қазақстанда Заң мен тәртіп орнығып келеді. Әсіресе құқықтық тәртіптің сақталуын күшейту мақсатында бірнеше салаға цифрлық технологиялар енгізілді. Мәселен, елімізде көші-қон саясаты  оңтайландырылады. Жаңа модельдің бір маңызды бағыты барлық рәсімдерді цифрландыру болып отыр. Платформа арқылы өтініш беру, құжаттарды тексеру, азаматтың мәртебесін бақылау бір жүйеге біріктіріледі. Яғни, бірнеше мемлекеттік органға жүгінуді қажет ететін әрекеттер, біртіндеп «бір терезе» қағидатына ауысады. Мамандар бұл тек шетелдіктер үшін емес, мемлекеттік органдар үшін де маңызды өзгеріс дейді. Былтыр елімізде 14 мыңнан астам шетелдік азамат еңбек етті. Ал өзге мемлекеттен келіп білім алатын студенттер саны 35 мыңға жуық, туристік және іскерлік мақсатпен келген азаматтар саны 13 млн-ға жетеді. Сала жұмысын цифрландыру көші-қон ағындарын нақты есепке алуға, шетел азаматтарының заңсыз көші-қон тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгін ғана еліміздің ішкі істер министрі Қазақстан мен Түркия арасындағы реадмиссия туралы келісімге қол қойды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл құжат екі елде заңсыз жүрген шетел азаматтарын өз еліне қайтару тәртібін реттейді. Тараптар бұдан бөлек киберқылмысқа қарсы күрес, көші-қон қауіпсіздігі және кадр даярлау бағыттарындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Подписаться на этот канал RSS