«Хабар» телеарнасында жаңа музыкалық жоба «Кеш жарық» бағдарламасы эфирге шығады. Бұл бағдарламада әр кезеңнің танымал әні орындалып, еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қайраткерлері туралы әңгіме қозғалады. Қарапайым ел азаматтары бастан кешкен қызықты оқиғасын айтып, жетістігімен бөліседі. Бағдарламаның алғашқы саны сенбінің кешінде 19.00-де басталады.
«Кеш жарық» бағдарламасы көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап, қазақ музыкасы мен мәдениетінің бай мұрасын насихаттауды мақсат етеді. Бағдарламада белгілі эстрада жұлдыздары өз өнерлерін ортаға салады. Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:
-«Кеш жарық» бағдарламасында мерекелік концерт өтеді. Бұл концертке жас жұлдыздар мен танымал әншілер қатысады. Әрине, барлығы да көктеммен, Наурыз мейрамымен құттықтап, сіздерге шын жүректен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Жобаның ерекшелігі еліміздің әр аймағынан келген еңбек адамдары студия төрінде отырып сұқбат береді. Өздерінің бастан кешкен қызықты сәттерін айтып, кәсібінің арқасында жеткен жетістіктерін баян етеді.
Айгүл Ақсамбиева, «Кеш жарық» бағдарламасының режиссері:
-Теледидар арқылы өзінің туған-туысқандарымен, достарымен қауышатын жан үшін, оның үстіне сыйлық алған қандай жақсы! Біздің мақсатымыз – «Хабар» арнасының атынан көрермендерге жылы лебіз бен көңіл-күй сыйлау.
Бағдарламаның түсірілімдері аяқталып, көрерменге ұсынылуға дайын. Алғашқы көрсетілімін 29 наурыз күні кешкі сағат 19:00-де «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар.
А.Садуақас, С.Бейсекенов