Павлодарлық шаруалар «Хабар» арнасының тілшілеріне алғыс айтты
Сол сәтте Өзбекстан нарығы жабылып, қос ел арасындағы фитосанитарлық процедуралар келісілмей қалған. Салдарынан өңірдегі көкөніс өсірушілер ең ірі нарыққа өнімін экспорттай алмай қалуы мүмкін еді. Бұл мәселе бойынша шаруалар аймақтағы тілшілер қосынына хабарласып, мәселенің мәнісін түсіндірді. Бейнематериал эфирге шыққан соң күрмеулі проблеманың түйіні де тарқады.
Ақтоғай ауданының шаруалары 2018 жылы Өзбек елімен картоп тасымалдау бойынша келісімшартқа қол қойған еді. Өнім жиналып, экспорттауға дайын болған. Алайда фитосанитарлық рұқсат беру шаралары ұзаққа созылып кеткен.
Александр Терентьев, картоп шаруашылығының бас директоры:
– 6 мың тонна картоп тасымалдауға келісімшартқа отырдық. Бірақ мәселеге тап болдық. Тек 300 тоннаны жөнелтуге мүмкіндік туды. Жабық вагондар мен жүк көліктері жетіспеді. Проблема шешілсе игі. Уәдемізді орындағымыз келеді, тұтынушыларымыз күтіп отыр.
Материал эфирден көрсетілген кейін салалық министрлік жергілікті шаруаларға көмектесуге асықты. Шенеуніктер араласқан соң Қазақстанның дипломатиялық миссиясы екі мемлекет арасындағы құжаттарды реттеу ісін жеделдетті. Министрлік өкілдері жабық вагондар мәселесін шешіп берді. Нәтижесінде павлодарлық брендке айналған картоп Өзбек еліне экспортталды.
Виктор Дубовицкий, картоп шаруашылығы бас директорның орынбасары:
– Сол жыл күрделі еді. Картопты сатып алушылар табылғанымен, оларға жеткізу бойынша күрделі жағдайға тап болдық. «Хабар» араласқан соң мәселеміз шешіле бастады. Біз келісімшарттағы міндеттемелерімізді толық орындадық. Арна тілшілеріне рахмет айтамыз.
Биылғы жылы шаруалар пандемия салдарынан картоп пен көкөністің ірі көлемдегі экспортын уақытша тоқтатты. Десе де, жекелеген тұтынушылар өздері келіп, өнімді қоймалардан әкетуде. Павлодар картобы Қырғызстанда жоғары сұранысқа ие. Бүгінде көрші мемлекеттен келген жүк көліктерінің қарасы қалың.
Байрам Нұрсалов, көкөніс тасымалдаушы:
– Қырғызстан мен Өзбекстанда бұл жердің картобы жоғары сұраныста. Сапасы, дәмдік қасиеттері көңілімізден шығады. Жыл сайын тасымалдаймыз. Міне, 200 тоннаны жүктеп алып, еліме жол тартуға дайынмын.
Шаруалар биылғы құрғақшылықтың бейнетін көргені рас. Егістіктегі топырақ +65 градусқа дейін қызғандықтан, тұқым күйіп кетуі мүмкін еді. Тамшылатып суару технологиясының арқасында көкөніске зақым келмеді. Шығын молынан болса да, алынған өнімнің көлемі жақсы. Биыл 1 гектардан 450 центнер картоп жиналды.
Арман Жукин, картоп шаруашылығы директорының инвестициялар жөніндегі орынбасары:
– Осы жылы шамамен 10 мың тонна картоп алдық. Оның үштен бір бөлігін экспортқа жөнелтуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар 40 мың тоннадан астам өнімді қоймаға саламыз. Тағы бес мың тоннасын көктемге дейін сақтамақпыз.
Бүгінге көкөніс қоймаларында 400 мың тонна картоп сақтауға мүмкіндік бар. Ірі шаруа қожалығы ішкі нарықтағы өнімнің маусымдық бағасын тұрақтандыруға да атсалысуда. Осы жылы өңірдің 18 шаруашылығы меморандумға қол қойып, өнімнің бір бөлігін арнайы қорда сақтамақ. Нәтижесінде картоптың келісі 70 теңгеден аспайды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков.