Тұмар – 2021: «Хабар» арнасының «Абай жолы» телехикаясы мен «Хабар 24» арнасы жүлделі болды
Жалпы оқ бойы озып шыққандар барлығы 10 аталым бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік тележурналист», «тележүргізуші», «режиссерлік жұмыс», «әлеуметтік жоба», «ток-шоу», «деректі фильм», «ойын-сауық бағдарламасы», «телевизиялық сериал», «ақпараттық бағдарлама» және «аймақтық телеарна» номинациялары сарапқа салынды. Ал «Хабар 24» арнасына арнайы сыйлық бұйырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүзден жүйрікті іріктеу оңай болмапты. Себебі ел бойынша жалпы саны 250 жұмыс ұсынылған. Оның 88-і қазақ, ал 162-сі орыс тілінде. Айта кетейік, жеңімпаз атанғандардың қанжығасы бос қайтпады. Оларға естелік мүсінше мен 1 млн теңге сыйақы табысталды.
Ринат кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Соңғы 8 жылда «Хабар» Агенттігі қазақтың он ұлы тұлғасына арнап, жеті сериал түсірген екен. Сол сериалдардың ішінде өзіндік орны бар, бір емес үш тұлға – Абай бабамызға, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған осы рухани ескерткіш тұғырына мініп, жеңіске жетіп отыр. Сондықтан бұл бірінші кезекте «Хабар» ұжымының жұмысы деп білеміз.