Әния Байораз: ыстық пен суықта түсірілім жүргізу қиынға түсті
Жоба түсірілімі қатысушылар үшін ғана емес, журналист үшін де нағыз сынаққа айналды. Әния Байораз бірнеше рет жүргізушіліктен бас тартқысы келгенін айтты.
«Жоба аясында қиын жағдайда жұмыс істеуге тура келді. Жүргізушіліктен бас тарту да ойымда болды. Қазір ол кезді күліп еске аламын. Ол күрделі әрі қызыққа толы күндер еді. Қазақстанда мұндайды әлі ешкім түсірген емес. Көрерменге ұнайды деп сенемін», - деді тележоба жүргізушісі.
Жуырда «Хабар» телеарнасының эфирінде «ECO MEKEN» жобасының алғашқы шығарылымы көрсетіледі. «ECO MEKEN» реалити-шоуы – жаңа маусымның қызықты жобаларының бірі.
Жоба барысында 16 қатысушы Қазақстанның ең ірі зауыттарына барып, табысты кәсіпкерлік қағидалары арқылы қоршаған ортаны жақсарту жолдарын іздейді. Үздік бизнес-жобаның авторы 10 миллион теңге көлемінде ақшалай марапатқа ие болады.